2024 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жаңа мемлекеттік мереке бекітілді. Енді Қазақстанда 23 сәуір күні — Ұлттық кітап күні атап өтіледі. Бұл күнтізбедегі жай ғана жаңа мереке емес, бұл қоғамда оқу мәдениетін дамытудың, әдебиеттің рөлін қайта жандандырудың, насихаттаудың нышанына айналатын маңызды қадам.
Еліміздің кітапханаларында 130 миллионнан аса кітап бар. Әдеби туындылардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Президент ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды екенін Құрылтайда атап өткен. Алайда бүгінде оқырмандардың саны көңіл көншітпейді. Статистика бойынша халықтың 17 пайызы ғана кітап оқитын болып шықты. Бұл 2023 жылдың көрсеткіші. Ал былтыр статистика бойынша қазақстандықтар 55 млн мәрте кітапханаға барған. Үздік оқырмандардың дені Алматыда. Шаһар тұрғындары өткен жылы 5 млн рет кітап үйіне барған екен. Келесі орындарға Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары жайғасты.
Кітап оқу – ұлт болашағы үшін маңызы зор. Қоғамда кітапханаға барып ізденетіндердің саны аз болса да, елімізде кітап оқу мәдениеті соңғы жылдары артып келеді. Оның дәлелі жылдан жылға саны артып келе жатқан оқырмандар клубтары. Сондықтан қазақстандықтар кітап мүлде оқымайды деп шорт кесіп айта алмаймыз. Арнайы оқырмандар клубтарының бар екенін бірі білсе, екіншілері біле бермейді. Бұл ретте Ozgeris.info тілшісі Алматыда көпшіліктің көзайымына айналған Junta.kz (Хунта) кітап клубының негізін қалаушы Маржан Қайратпен және үштілді бағытты дамытуға өз үлестерін қосып жүрген белсенділермен әңгіме құрды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бала кезінен анасы мен әжесінің тәрбиесін алған оның бойына кітапқа деген махаббатты дәл осы асыл адамдары сіңірген.
— Маржан, өзіңіздің жеке кітап клубыңызды құру идеясы қашан және қалай келді? Мұндай қажеттілік қандай себептерден туындады?
«Әжем бір күнде бір кітап оқитын, бұл мені қатты таңғалдыратын әрі маған ерекше әсер беретін. Кітаптар мен үшін қиялға берілудің, жаңа нәрселерді іздеудің, жаңа сюжеттер мен жерлерді танудың бір жолы болды. Жан дүнием рухани дамуды қалайтын, мен оны кітаптардан іздедім. Мектеп кезінде құрбыларыммен бірге оқитынбыз. Университетте де білімді адамдардың қауымдастығына жолығып, пікірсайыс клубына жазылдым. Университет бітіргеннен кейін мемлекеттік қызметке, нақтырақ айтқанда теміржол саласына жұмысқа тұрдым. Сол кезде шынайы өмір басталды, кейін тек жұмыс пен үй мені жалықтыра бастады. Кітаптар менің балалық шағымнан сырласым болғандықтан кітап оқуға тереңірек үңіле бастадым. Қызықты кітаптарды оқығанда ішкі дүниеңе толғаныс сыйлайтын идеялар мен инсайттар пайда болады, оны біреумен бөліскің келеді, талқылағың келеді, бірақ айналаңда ол кітапты оқыған ешкім жоқ. Осы қажеттіліктен идея туындады деп айтсам да болады. Сол кезде Астанадағы құрбым өз кітап клубын ашқанын естідім. Ол Алматыға келген бір сапарында маған клуб ашуға кеңес берді. Осылайша құрбым екеуміз кітапсүйер қауым ортасын қалыптастыра білдік».
— Клубтың атауы көпшілікке қызық. Оның тарихына кеңірек тоқталып өтсеңіз.
«Бір күні қызықты видео көрдім, спикер Бенджамин Франклиннің автобиографиясы туралы және оның өмірдегі ұстанымдары туралы айтты. Сол кезде баспахана иесі болу өте танымал болған екен. Франклин достарын жинап, олар кітаптармен алмасып, оқығандары жайлы, өлеңдер, тәжірибелері туралы әңгімелесетін. Бұл бір жағынан кітап клубының прототипі болған. Франклин оны «Хунта» деп атаған. Бұл идея менің көкейімде сақталып қалып, осылайша клубқа осы атауды беру идеясы туындады».
Айта кетейік, 1727 жылы 21 жастағы Франклин шеберлер, саудагерлер, ойшылдардан тұратын шағын ортасын құрған. Олар философия, саясат, мораль, бизнес және өзін-өзі дамыту туралы ойларын ортаға салып, талқылайтын болған. Олар әр жұма күні кешке жиналатын. Франклин бірлесе дамуды армандаған. Қатысушылар бір-бірінің тұлға ретінде дамуына, табысты болуына, пайдалы болуына көмектесетін болған. Бұл өз кезегінде өзін-өзі дамыту клубына айнала білді. Яғни, аталмыш клуб этика, ақыл-ой және іскерлікке негізделген. Нәтижесінде дәл осы клубтың арқасында алғашқы кітапханалар, қоғамдық жобалар, мектептер пайда болды. Бұл кейін үлкен азаматтық бастамаларға негіз болды. Ал Франклин «Junto» клубын өзінің қоғам қайраткері ретінде қалыптасуындағы маңызды кезең деп санаған.
«Junto» сөзінің мағынасы әр елде әр түрлі. Мысалы Латын Америкада бұл сөз әскери сипатқа ие, ал Испанияда «Junta» — «бірлік, бірігу» деген мағынаны білдіреді. Мен ойлай білетін, кітап оқитын адамдарды, өзін-өзі дамытумен айналысатын жандардың басын қосқым келді, және осыны Франклиннің «бірге» деген идеясымен үйлестіргім келді. Көп адамдар «Junta» сөзін әскери төңкеріс деп түсінеді. Сондықтан клубтың атауына қызығушылық танытатындар көп, сондай-aқ ол ерекше есте жатталып қалады».
Осылайша клубтың тарихы басталды дейді негізін қалаушы Маржан Қайрат. Маркетинг бойынша оқуын аяқтаған соң, клубтың әлеуметтік желідегі парақшасын қолға алып, дамыта бастаған.
«Сол уақыттан бері адамдар қызығушылық танытып, жазыла бастады. Клубты мен 2018 жылы құрдым, ал 2020 жылы оны бірнеше бағытта дамытқым келді. Яғни қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі кездесулер, кино көрсетілімдер, бірлескен сапарлар мен музей, театрларға баруды біріктіруді ойластыра бастадым. Эстетика жағы да маңызды. Маған көбірек шынайы кездесулер ұнайтын, мысалы әдемі жерлерде, дәмді кофе ішіп отырып кітап талқылаудың өзі ерекше».
Оның айтуынша, пандемия кезінде халықтың кітап оқуға деген қызығушылығы арта түскен. Сол жылдары клуб дамуын жалғастырып, идеялары мен жаңа ойларын алып келген кітапсүйер жандар орыс және ағылшын тіліндегі бағыттарды қолға алған.
«Қазақ тіліндегі тобымыз біраз қиындықтарды бастан кешірді. Қазақ тілі мемлекеттік тіліміз болғандықтан, отандық жазушыларымыздың туындыларын оқығым келді, мысалы «Абай жолы», «Көшпенділер» сынды шығармалар, өз мәдениетіміз бен тарихымызды терең түсінгім келді. Алғашқы кезеңде бұл бағытты жүргізген қыз осы клубта өмірлік жарын кездестіріп, тұрмысқа шықты. Клубты әрі қарай жүргізе алмай, бұл бағыт жарты жылға тоқтап қалды. Кейін музейге барған бір сапарымызда мен әдеби тілі көркем, кәсіби журналист қызбен таныстым да, оған модератор болуды ұсындым. Сол сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Қазақ тілді бағыттың қайта жандануы мен үшін үлкен бақыт. Қазір барлық бағыттар белсенді жұмыс істеп жатыр, клубымыз тамаша дамып келеді».
Камиля Нұржаева орыс тілі бағытының модераторы. Ол да жаңа орта іздеп жүріп, дәл осы «Хунта» клубын тапқанын қуанышпен еске алды.
«Бір жыл бойы тыңдаушы ретінде қатысып жүрдім, кейін көмектескім келіп, модераторлықты қолға алдым. Осы арқылы бос уақытымды сапалы өткізе бастадым, дүниетанымым кеңейді. Қазір клубқа деген махаббатымның арқасында өзімнің үлкен кітапханамды жинай бастадым, қызығушылығым артты, курстарға қатысып, тіпті өзім де жаза бастадым. Біз енді жаза бастағандарға арнап жазушылар бағытын да аштық. Бұл клубта адамдар тіпті отбасын құрып жатыр. Сондықтан мұндай клубтардың болғаны қоғам үшін өте маңызды. Осы уақыт аралығында жақсы достар таптық. Тіпті басқа елден келушілер біздің клуб арқылы қаламызды танып-білетін болды. Бұл тәжірибені біз де ТМД елдеріне саяхатымызда қолдана аламыз. Қазір адамдар бос уақытын мейрамханалар мен түнгі клубтарда емес, кітап талқылайтын ортада өткізетіндерін көргенде жаным рахаттанады. Біз адамдарды оқуға баулимыз», — дейді орыс тобының модераторы Камиля Нұржаева.
Клуб мүшелерінің айтуынша, қазір адамдар көбіне self-help жанрын, жұмыс жайлы немесе кәсіби даму тақырыбындағы кітаптарды оқиды. Нон-фикшн кітаптары да танымал, алайда олар тез жалықтырады. Ал көркем әдебиет кейде жасандылық әсерін береді.
«Біз көбірек шынайы, өмірмен ұштасатын әдебиетті жақсы көреміз. Эмигранттар, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы қызықты тақырыптар бар. 2023 жылдан бастап автофикшн жанры, яғни адамдардың өз өмірі жайлы жазған шығармалары өте танымал бола бастады. Сонымен қатар соңғы кезде заманауи романдар желісімен фильмдер түсіріле бастады. Көпшілік фильмнен соң кітапын оқуға ниеттенеді. Бұл да жақсы үрдіс», — деп қосты Камиля Нуржаева.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ағылшын тілі аудармашысы Камила Решетова қазір клубтың шет тілі бағытын дамытып келеді. Айтуынша, оқу қазір сәнге айналды.
«Хунта клубы туралы алғаш рет CWS жазушылар чаты арқылы білдім. Кітап оқуды әрдайым жақсы көретінмін, алдымен өзім үшін оқыдым, кейін оқығандарымды біреумен бөлісіп, талқылағым келді. Осындай клуб бар екенін біліп, кездесуге бардым. Содан бері қалып қойдым. Адамдар жиі танымал кітаптарды оқиды. Мысалы «1984», «Госпожа Бовари», «Над пропастью во ржи» және тағы басқа. Қазір кітап оқу трендке айналып келе жатыр, бұл өте қуантады. Оқу — сәнге айналды. Бұрын ешқашан кітап оқымаған кейбір таныстарым да осы трендке ілесіп, кітап оқи бастады», — дейді ағылшын бағытының модераторы Камилла Решетова.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Маржан Қайрат қазақстандық авторлардың қазір таныла бастағанына қуанышты. Оның айтуынша, отандық әдебиет қайта жанданып, жазуышылар қауымдастықтарың пайда болғаны маңызды қадам. Кітап шығару ісіне қолдау көрсетіліп жатыр. Оның айтуынша, адамдар кітап оқымайды деп айту қате, керісінше қызығушылық артып жатыр.
«Шындығында, мен бұл салада жүргеніме көп болды. Клубтың құрылған уақытынан бері кітап оқитын жандардың өте көп екенін байқаймын. Оқырмандар әрқашан бар, тіпті кейбіреулер жыл сайын көбірек кітап оқуға ұмтылады. Біз заманауи авторларға көбірек назар аударамыз, себебі оқырмандар арасында сұраныс жоғары».
Клубтың үлкен жетістігі — үштілділік
«Біз үш тілде оқып, дамып келеміз. Мен үшін клубтың барлығы үшін тату орта болуы маңызды. Әсіресе, Қазақстанға енді келген, достары мен ортасы жоқ жандарға бұл клуб үлкен қолдау болуы тиіс. Бұл — мен үшін басты құндылықтардың бірі».
— Осы уақыт ішінде қанша кітап оқылды?
«Бүгінгі таңда біз 193 кездесу өткіздік, барлығы 226 кітап оқыдық, бұл — 2018 жылдан бергі көрсеткіш. Болашаққа арналған мақсаттар бар, бірақ ол әзірге құпия болып қала берсін. Қазір мен жалғыз өзім Еуропа елдерін аралап жүрмін, бұл сапар маған ой жинауға, идеяларымды пісіруге көмектесіп жатыр».
Сантьяго жолына жетелеген кітап
«Кітап клубы дегеніміз ойларыңмен бөлісетін жайлы мекен. Сондықтан баршаға осындай шабыт сыйлайтын, жігер беретін, достар табатын керемет орта табуын тілеймін. Адамның ашық сөйлеп, өз ойын қорықпай жеткізе алуы баға жетпес құндылық. Сондықтан өзіңді дамытуға, сөздік қорыңды байытуға ұмтылу керек. Кітап — ең жақсы инвестиция, егер ол барлық саланың кілтіне айнала білсе бұл керемет сый. Уақытыңды бөліп, басқаша әлемге ойша шомылу, жаңа нәрсе үйрену — құнды. Мысалы, мен жуырда Сантьяго жолы туралы оқыдым. Ал қазір сізбен осы жолмен жүріп келе жатып сұқбаттасып келемін. Мен Испанияны жаяу жүріп өттім, қазір Португалия арқылы Испанияның оңтүстігінен солтүстігіне қарай келе жатырмын. Бұл ерекше тәжірибе, кітап сыйлаған мүмкіндік деп ойлаймын».
— Елімізде кітап оқу мәдениеті қалай қалыптасып жатыр?
«Меніңше, оқу мәдениеті ол әркімнің өз пікірін ашық жеткізе білуі. Мен осыны үнемі насихаттап жүремін. Сондықтан өз клубымда кейбір даулы пікірталастарды болдырмауға тырысамын. Себебі әр адамның өз көзқарасы бар, әркімнің өмірлік тәжірибесі әртүрлі. Қарама-қайшы пікірлердің болуы қалыпты жағдай. Сенің ойыңнан бөлек тағы 20 түрлі көзқарас болуы мүмкін, бұл жақсы, өйткені сол арқылы кітап мүлде басқа қырынан ашылады. Сен тек өз тәжірибеңе немесе автордың өміріне сүйеніп қана қорытынды жасай алмайсың, клубта тағы ондаған адамның пікірі бар. Осы жағынан клубтың позициясы маған ұнайды».
— Кітап оқу мәдениеті мен осы саладағы мәселелер қалай шешіліп жатыр деп ойлайсыз?
«Әрине, бізде жазушыларға, кітапсүйер қауымға арналған түрлі шаралар бар. Бірақ мен осындай іс-шаралардың көбірек болуын қалар едім, әсіресе мемлекеттік деңгейде: кітап оқуға арналған алаңдар көп болса, бұл туралы жиі жазылып, айтылып отырса. Елде тек көңіл көтеру мәдениеті емес, сонымен қатар интеллектуалдық мәдениет те қатар дамыса екен деп тілеймін. Мұндай бастамалар қолдау тауып, жүзеге асырылуға мүмкіндіктер ашылса, керемет болар еді».
— Жұмыс пен сүйікті ісіңізді қатар алып жүру қиын емес пе?
«Кітап оқу әрқашан жақсы қабылданады. Сондықтан жұмысыма кедергі келтірмейді. Керісінше, керек кезде әріптестерім де, басшылық та қолдау көрсетеді. Бұл мені одан әрі шабыттандырып, алға жетелейді. Әсіресе қазір үш тілді қатар алып жүрген модераторлардың еңбегін ерекше бағалаймын. Олар өз уақыттарын бөліп, дамуға көмектесіп жүргені маған үлкен мотивация береді. Команданың пайда болуының арқасында үлкен қолдауды сезінемін».
«Junta.kz» оқырмандар клубының алдағы кездесулері сәуір айының демалыс күндеріне жоспарланған. Ағылшын тобының кездесуі 19 сәуір күні өтіп кеткен. Жаңа оқырмандар үшін кездесулер кестесін ұсынамыз.
- 26 сәуір сағат 18:00 де қазақ тобының кездесуі: «Батыр Баян» (Мағжан Жұмабаев) және«Еңлік-Кебек» (Шәкәрім Құдайбердіұлы)
- 26 сәуір сағат 20:00 -де орыс тобының кездесуі: Данте Алигьери «Божественная комедия».
- Мамыр айында қазақ тобының кестеден тыс кездесуі өтеді: Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» 4 том және «Қара сөздері» талқыланады.
Клубтың жаңалықтары мен кездесулері туралы әлеуметтік желідегі парақшасынан білуге болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру