Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2035 жылға дейін химия және мұнай-химия саласына 4,8 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспары бар екенін айтты. Бұл мәлімдеме елдің индустриялық-инновациялық даму күн тәртібіндегі маңызды жаңалықтардың бірі ретінде ұсынылғанымен, оның артында нақты қандай мүмкіндіктер мен тәуекелдер тұрғанына егжей-тегжейлі қарау қажет, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бізде жиі қайталанатын тәжірибе бар. Үкімет ірі инвестициялық жобаларды жариялайды, бірақ оның орындалу механизмі мен бақылау тетіктері көбіне ашық айтылмайды. Нағаспаев мырзаның айтуынша, 49 жоба іске асырылып жатыр. Алайда олардың инвестициялық мәртебесі, даму кезеңдері, нақты инвесторлармен келісімшарттың мазмұны туралы деректер жоқ.
4,8 трлн теңге – ауқымды сома. Бірақ бұл – тек инвестиция тарту ниеті. Сарапшылардың пікірінше, инвестиция көлемі емес, оның құрылымы, қайнар көзі және тиімді пайдаланылуы басты мәселе. Егер бұл қаражаттың басым бөлігі сырттан келетін болса – валюта тәуекелі мен геосаяси әсерлерден тыс қарау мүмкін емес.
– Бүгінде химия саласында 49 жоба іске асырылып жатыр. Олардың негізгілері мұнай және металлургия салаларында пайдаланылатын химиялық өнімдер түрлерін шығаруға бағытталған. Мысалы, елімізде өндірілетін каустикалық сода толығымен отандық металлургия өнеркәсібінде пайдаланылады. Осы мәселе бойынша өндірісі жоғары дамыған Қытайлық инвесторлармен, атап айтқанда CHN Energy және East China Engineering and Technology сияқты ірі компаниялармен жұмыстар жүргізілуде, – деген еді министр.
Көмір химиясы – Қазақстан үшін жаңа бағыт емес. Кеңес дәуірінен бері бұл салада ғылыми негіз болғанымен, өнеркәсіптік деңгейге жеткізу қиын болды. Министрдің мәлімдеуінше, көмірді терең өңдеу арқылы қосылған құнды арттыру жоспарланып отыр. Бұл жерде екі сценарий бар:
1. Оптимистік: Қазақстан көмір-химияны заманауи технологиялармен дамытып, газ, метанол, аммиак және тыңайтқыштар өндіретін экспорттық өнім шығарады.
2. Пессимистік: Көмір химиясы экологиялық және экономикалық жағынан тиімсіз болып, қаржылық ауыртпалыққа айналады. Қай сценарий басым болатыны – қолданылатын технология мен институционалдық қолдауға байланысты.
CHN Energy және East China Engineering сияқты ірі компаниялардың қатысуы, сөз жоқ, технология мен капитал тартудың оң белгісі. Алайда Қытай инвестицияларының жиі жағдайда тек шикізатқа бағытталғаны белгілі. Егер келісімдерде трансферттік баға белгілеу, технологияны оқшаулау, қазақстандық мамандарды тарту шарттары нақты қарастырылмаса, бұл ұзақ мерзімді пайда әкелмейтін әріптестікке айналуы мүмкін.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру