Халықтың несиеге кіріп кеткені «Үкімет өлтірмейді» деген ескі психология — сарапшы

Фото: dzen.ru
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев халық қымбат несиеден бас татпауынан Үкімет «В жоспарын» енгізіп жатыр деп жазды. Егер халық несиеден бас тартпаса, онда несиелік үйымдарды халыққа қарызға ақша беруден ажырату керек дейді.
Автордың ойын толық түсіну үшін жазбасын толық оқып шыққан дұрыс. Толық нұсқасын мына жерден оқуға болады. Дегенмен қысқаша сарапшының пікірін саралап көрейік.
Қазақстан финтех революциясының арқасында жеке тұлғаларға кепілсіз берілетін жедел несие жүйесін жақсы дамытқан елдер қатарына кіреді. Кредитті ортақ нарық деп алатын болсақ, оның ішінде жеке тұлғаларға берілетін кепілсіз несиелердің үлес салмағы тым тез өсті. Бұл қаржы нарығының қатты дамуына алып келді. Бірақ бірден таяқтың екінші ұшы пайда болды. Ол — халықтың қарызы.
Адамдардың шектен тыс несие алуы бұқаралық дефолт қаупін туғызып отыр. Бұл әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей қатер төндіреді. Сондықтан дәл осы сегментке қатысты мемлекет риторикасы қатаңдап, басқа елдерден өзгеше шектеулер пайда болғаны рас.
2024 жылы кредиттік ұйымдардың несие портфелі 53,6 триллион теңгеден асты. Портфель дегеніміз қолданыстағы кредиттердің жалпы сомасын білдіреді. Оның ішінде шамамен 2,8-3 триллион теңге микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестер мен ломбардтарға тиесілі болса, қалған ең қомақты бөлігі — екінші деңгейлі банктердің үлесі.
Осы 53,6 триллион теңгенің 45 пайызын халық алған. Қалған 55 пайызы бизнеске тиесілі. Халық дегенде – шамамен 9 миллион отандасымызда несие бар. Сонда 24,12 триллион теңгені 9 миллионға шақсақ, әр адамға 2,68 миллион теңгеден келеді. Бірақ медианды есеппен алсақ, 9 миллион халықтың шамамен 85 пайызы кредиттік ұйымдарға 1 миллион теңгеге дейін сома қарыз. Ал қалған 15 пайызының басында ипотека сынды ауқымды кредиттер бар. Сома бойынша негізгі жүктемені солар құрайды.
Халқы кредитті көп алатын елдер рейтингін Халықаралық валюта қоры әр үш жыл сайын жасап отырады. Соңғысы 2022 жылдың қорытындысы бойынша жарияланды. Ол тізімде Қазақстанның ІЖӨ-ге шаққандағы халық қарызының индикаторы 13,65% деп көрсетілген және барлық дамыған елдерден және дамушы елдердің көбісінен төмен тұр. Көрші елдерге қарасақ, Ресей индикаторы 21,1% көрсетті, ал финтех кредитінің бумы әлі басталмаған Өзбекстан, Тәжікстан сынды елдерде бұл индикатор бізден төмен.
Үкімет халыққа берілетін кредит нарығының бұдан ары өсуін қауіпті деп санайды. Шыға алмайтын шеңберге кіріп кетуіміз мүмкін: инфляция жоғары болғанда базалық ставка да жоғары болып, кредит ставкалары қымбат болады. Кредит ставкаларының қымбаттығы борышкерлердің жағдайын қиындатып, олардың кредитті еселеуіне алып келеді. Кредит көбейсе инфляция да жоғары болады. Бізге осы тізбекті қалай болғанда да үзу керек.
Ең дұрысы – халық пайыздың жоғары екенін көріп, кредит алудан бас тартуы керек еді. Классикалық экономикалық сценарий жағдайында осылай болуы тиіс. Бірақ бізде аномалия орын алып, халық қымбат кредиттен бас тарта қоймады.
Соңғы 25 жылда кредит деген дүние қазақ халқына майдай жақты. Осының арқасында біраз шаруасын бітірген азаматтар аз болмады. Үйдегі көптеген тұрмыстық заттар, техника, көлік кредиттің арқасында жаңарды. Ипотекамен баспаналы болғандар көп.
Бірақ кредитін сәтті өтеп біткен үш адамға кредитке шырмалып, қиналып қалған бір адам тап болады. Түпкі проблема – қаржылық сауаттың аздығында. Және «Үкімет өлтірмейді» деген ескі психологияның әлі де жойылмауында болып отыр.