Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Жолдауға қатысты Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин пікірін білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Депутат алдымен АЭС салу бойынша референдумды 6 қазанда өткізу туралы қабылданған шешім жайлы айтты.
«Президент атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты референдумның 6 қазанда өтетінін мәлімдеді. Бұл халықтың маңызды шешімдерді қабылдаудағы рөлін күшейтудің және қоғамдық диалогты дамыту үлгісінің бір бөлігі ретінде қарастырылуда», – деді депутат.
Сондай-ақ ол Жолдауда айтылған әлеуметтік-экономикалық реформалар мен банк секторының реформасына қатысты айтылған президент тапсырмаларын құптады.
«Президент халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында әлеуметтік-экономикалық даму шараларын жариялады. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану, әсіресе, стратегиялық маңызы жоқ жобаларға шығындарды қысқарту қажеттілігіне тоқталды.
Тоқаев банк саласында жаңа заңдар қабылдау қажеттігін атап өтті. Бұл қаржы секторын жақсартуға және экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», – деді мәжілісмен.
Ерболат Сатыбалдин Жолдаудағы қоғамдық-саяси мәдениеттің қалыптасуы жайлы мәселелер жайлы да айтты.
«Жолдауда жаңа қоғамдық-саяси мәдениетті қалыптастыру арқылы мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтуға баса назар аударылды. Бұл естуші мемлекет құру идеясын ілгерілету болып табылады. Бұл жолдау елдің болашағына арналған стратегиялық қадамдарды айқындап, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалармен толықтырылды», – деді депутат.
ПІКІР ЖАЗУ