2024 жылы мемлекетіміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген әлеуметтік тұрғыда өзгерту бағытын жалғастырды. Еліміздің экономикалық стратегиясының негізі – азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл әлеуметтік қолдау мен реформалардың маңызды шараларында көрініс табады.
Әлеуметтік төлемдер және зейнетақыны көбейту
2024 жылы мемлекеттік бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бағытталды. Қаңтар айында зейнетақының кезекті рет өсті: базалық – 7%-ға, ал ынтымақтастық – 9%-ға артты. Жинақтаушы зейнетақы алатын 459 мың адамды қосқанда, 2,4 млн-нан астам зейнеткер қамтылды.
Ең төменгі жалақы және жұмыспен қамту
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін көтерілді, бұл шамамен 1,8 млн адамды қамтыды. Бұдан басқа, 600 мың мемлекеттік қызметші үшін жалақыны кезең-кезеңімен 20%-ға арттыру жүргізілді. Жұмыспен қамту бағдарламалары 845 мыңнан астам азаматты, соның ішінде жастар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік инвестициялаудағы инновациялар
Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру үшін жобалардың инновациялық навигаторы құрылды. Жүйе кадрлық қажеттіліктерді талдауға және жобалардың сапасын бақылауға көмектеседі. 2024 жылы платформада 33 трлн теңгеге 755 жоба бақыланады, олар 150 мыңға дейін жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.
Білім беруді дамыту
2024 жылы ЖОО студенттері, магистранттар мен докторанттар үшін шәкіртақыны көбейту маңызды қадамы іске асырылды. Бакалавр стипендиясы 20%-ға, ал педагогикалық және медициналық бағыттағы студенттер үшін 75,6 мың теңгеге дейін өсті. Интерндер үшін стипендия 85, 4 мың теңгені, резиденттер үшін – 123, 1 мың теңгені, ал магистранттар мен докторанттар үшін өсім 15-20% құрады.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы
2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы жинақтау шоттарына жіберілетін бағдарлама жұмыс істейді. Биылдың өзінде $695,5 млн есептелді. 2024 жылы 18 жасқа толған немесе толатындарға $30,6 млн төленеді. Ақшаны тұрғын үй жағдайын жақсартуға және жоғары білім алуға төлеуге бағыттауға болады.
Қазақстандағы жаңа нысандар: денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үй құрылысына баса назар аударылуда
Қазақстанда әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғырту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы жобаларға ерекше назар аударылады, бұл азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және еліміздің тұрақты әлеуметтік және экономикалық дамуы үшін жағдай жасауға ықпал етеді.
Тұрғын үй құрылысы
Тұрғын үй құрылысы Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды элементі саналады. 7 жылға есептелген бағдарлама аясында 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. 2024 жылы тұрғын үй құрылысының көлемі 18 млн шаршы метрге жетті, бұл 1 млн-нан астам отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тұрғын үйді жедел пайдалануға беру үшін өңірлерде, Астана мен Шымкентте жол карталары әзірленіп, бекітілді. Оларда объектілерді салу мерзімі мен жоспары көрсетілген.
Бағдарлама шеңберінде 200-ден астам лифтіні ауыстыру, тұрғын үйлердің инфрақұрылымын жаңарту жоспарланған, бұл қазақстандықтардың тұрмыс жағдайына оң әсер етеді.
Денсаулық сақтауды дамыту
2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары: 257 медициналық пункт, 238 фельдшерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жоспарланған. 251 нысанның құрылысы аяқталды. Бұл шалғайдағы елді мекендерде медициналық қызметтерге қол жеткізуді едәуір жақсартуға және 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Дәрілік қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру маңызды қадам саналады, оған тіркеу және баға белгілеу процестерін цифрландыру, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу жүйесін құру кіреді.
Білім беру және мектепке дейінгі тәрбие
Білім беру саласында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы белсенді іске асырылуда. Ол бүкіл еліміз бойынша заманауи, қауіпсіз және қол жетімді білім беру мекемелерін құруға бағытталған.
Жоба мектептерді салу мен жаңғыртуды, оларды заманауи технологиялармен жарақтандыруды және толыққанды оқыту үшін инфрақұрылым құруды қамтиды. Жоба аясында салынған жаңа мектептердің 40%-дан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Олар STEM зертханаларымен, робототехника кабинеттерімен және басқа да мамандандырылған сыныптармен жабдықталған. Жыл соңына дейін 76 нысан ашу жоспарлануда.
2024 жылы мектепке дейінгі білімге қол жеткізуді жақсарту көзделген: Қазақстанда балалардың 92,5% қамтитын 11,6 мыңнан астам балабақша жұмыс істейді. 547 жаңа балабақша ашылды, бұл 62,3 мың балаға арналған орын санын ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар білім беруді цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Ата-аналарға арналған мобильді қосымша құрылды, балалардың дамуы туралы мәліметтер Ұлттық білім беру дерекқорымен біріктірілген. Бұл мектепке дейінгі және мектептегі білім арасындағы тегіс ауысуды қамтамасыз етуге көмектеседі.
Жоғары білім беруді жаңғырту және халықаралық серіктестіктер
Қазақстан шетелдік университеттермен стратегиялық әріптестікті дамыта отырып, жоғары білімді жаңғыртуды жалғастыруда. 2025 жылға дейін елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 12 филиалын ашу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның университеттерімен 23 стратегиялық серіктестік пысықталды. 2024 жылдың қазан айында стратегиялық серіктестер – 67 шетелдік университеттің 120 өкілі қатысқан форум өтті. Бұл бастамалар Қазақстанды жаһандық білім беру кеңістігіне біріктіруге және озық білім беру әдістеріне қол жеткізуді жақсартуға көмектеседі.
Отандық ғалымдарды қолдау
Жас ғалымдарды қолдау үшін Қазақстанда «Жас ғалым» бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2021-2024 жылдар аралығында гранттық қаржыландыруға 16 конкурс өткізілді, соның нәтижесінде 2 мыңнан астам ғылыми жоба іске асырылды. Оның ішінде 686 докторантурадан кейінгі зерттеулер. Ғылыми әлеуетті одан әрі дамыту үшін 2025-2027 жылдарға арналған жаңа конкурс жарияланды.
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру
Қазақстан ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруды белсенді дамытуда. Ғылыми-техникалық қызмет бойынша конкурстар аясында 97 млрд теңгеден астам қаражат алынды, ал ғылыми өнімнің экспорты 571 млн теңгені құрады. 2025 жылы технологиялық стартаптарды қолдау бағдарламасы іске қосылады, бұл кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бірегей технологияларды дамыту
Жетістіктердің бірі – бұрын Қазақстанда өндірілмеген тазартылған селен өндірісі. 2023 жылы оны қайта өңдеу учаскесі ашылды. Сондай-ақ Nazarbayev University-нің қолдауымен онкологиялық ауруларды емдеуге арналған жаңа препарат әзірленуде.
ПІКІР ЖАЗУ