Германияда қымызға емес, оны өндіру әдістеріне ғана патент бар. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты.
«Қазір қоғамда дәстүрлі сусынымыз – қымызға қатысты алып-қашпа әңгімелер көп. Тіпті кейбір ақпарат құралдарында қымызды Германия патенттеп алыпты деген әңгіме де бар. Осы орайда Германияда қымыз бен бие сүтіне, яғни саумалға ешкім патент алмағанын атап өткім келеді. Иә, шынында да, Германияда патенттер бар, бірақ қымызға емес, оны өндіру әдістеріне ғана. Қымыз Германиянікі деген түсінік еш уақытта болмайды. Өйткені, қымыз тек Қазақстанда емес, Орталық Азия елдерінде өндіріледі. Ол бір елдің өнімі деп патенттелмейді», — деді Талғат Уәли.
Ресми өкілдің атап өтуінше, Германияда қымыздың құрғақ ұнтағынан капсула немесе түйіршіктелген түрлерін жасауға патент берілген.
«Ал Қазақстанда ұлттық өтінім өндірушілерге қымыздың өзіне емес, таблеткадағы қымызға, сондай-ақ кептірілген бие сүтіне, яғни өндіру әдістеріне патент берілді», — деді ол.
ПІКІР ЖАЗУ