Жаңа Салық кодексінде БЖЗҚ-дан жасалатын зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату жөніндегі норма көзделген, деп хабарлайды inbusiness.kz.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаумен қатар, қоғам жиі көтеретін мәселелер шешіледі. Мәселен, жаңа Салық кодексінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату жөніндегі норма көзделген. Сондай-ақ қолдануы 10 жылдан асқан автомобильдер үшін салық сомасы 30%-ға, 20 жылдан асқан автомобильдер үшін – 50%-ға төмендетілетін болады», – деді департамент басшысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съездалды жиынында.
Сонымен қатар «Сән-салтанат» заттарына жоғары салық салу жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін де ұсыныстар қарастырылған.
«Жиынтық құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мүлік салығының жоғары мөлшерлемесін белгілеу; кедендік құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге акцизбен қосымша салық салу; қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, қымбат теңіз кемелеріне, ұшу аппараттарына акцизбен қосымша салық салу ұсыныстары енгізілген», – деді жаңа Салық кодексінің жобасы жайлы айтқан Ерлан Сағынаев.
ПІКІР ЖАЗУ