Ескі ақшаларды өртеп жіберген басшыны білесіз бе?

Қаржы әлемінде дағдарыс – қауіп пен мүмкіндік қатар жүретін құбылыс. Мұны Ұлттық банктің бұрыңғы төрағасы Қадыржан Дамитов  сан мәрте дәлелдеді. Жамбыл мен Петропавлдағы ескі ақшаларды жоюдан бастап, цифрлық теңгеге дейінгі жолда маңызды шешімдер қабылдады. Ол 1994-1997 жылдары – Ұлттық банк төрағасының орынбасары, 1998-1999 жылдары Ұлттық банк төрағасы болып қызмет еткен. Қаржы әлемінің нәзік тұстарын білмек болып, әңгімеге тарттық, деп жазады Ozgeris.info.

– Қытай тілінде «дағдарыс» сөзі екі иероглифтен тұрады екен. Бірі – «қауіп», бірі – «мүмкіндік» дегенді білдіреді-мыс. Ал «құнды инвестициялау» теориясының негізін қалаған америкалық экономист Бэнджамин Грэм қаржылық минусты плюске айналдыру үшін дұрыс басқару қажет дейді. Сіз де біршама басқару баспалдағынан өттіңіз. Мысалы, Ресейдің Орталық банкіне жазылған хатқа нақты жауап келмеген соң, ескі ақшалардың көзін жоюға бұйрық бергеніңізді естіген жұртты таң қалып жатады.

– Кеңес үкіметі кезінде Жамбыл (Тараз) мен Петропавл қалаларында ескі ақшаларды сақтайтын екі аймақтық қойма болды. Содан кейін түсініксіз кезең басталып, Одақ құлады. Кеңес рублін қолдану заңсыз болды. 1998 жылы аталған екі қойма ескі ақшаға толды. Ақша шіри бастады, ескі ақшаның иісі жаман болады. . Ол кезде Ресейдің Центробанкімен байланыс болды. Ендігі жерде ескі ақшаны соларға тапсыру керек пе, әлде оларға санату қажет пе деген мәселе болды. Бұл тонналаған қағаз еді, иістеніп, шіріген. Жартысын біз Шымкент кәсіпорнында өртедік. Қалғанын Қарағандыға «Карметкомбинатқа» апарып, металлургиялық пештерде өртедік.

– Атақты «The Black Swan» кітабының авторы Нассым Талеб «Жүйе кез келген қателікті қайта-қайта жасайтын болса, құрдымға кетеді» дейді. Осы ойдың орамында «Біз өткеннен қандай сабақ алдық?» деген сұрақ туады. Қазіргі қаржы жүйесі, соның ішінде банк секторы, айтарлықтай өзгеріске ұшырағаны рас. Дегенмен қателіктерден қаперсіз жүрген жоқпыз ба деп ойланып та қаласың.

– Шынымен де, қаржы жүйесі түбегейлі өзгерді. Тіпті қағаз тиындардан цифрлық теңгеге дейін үлкен жол жүріп өттік деп айтуға болады. Ең бастысы, біз 2000-жылдардағы «майлы жылдар» деп аталатын кезеңді пайдаланып, резервтерге жеткілікті деңгейде тұрақтылық қорын жинақтай алдық. Резервтерден бөлек, өткен жылдарда түйіткілдерді оңай шешуге көмектесетін тәжірибе де жинақталды. Дегенмен елдің резервтерімен қатар шығындары, соның ішінде әлеуметтік міндеттемелері де артқанын түсінуіміз керек. Сондықтан «осы күніме шүкір» деген көзқарастан аулақ болып, тұралап қалмауыз керек. Бізге қазір тоқтауға болмайды. Экономиканың, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру жұмысын жалғастыра беру қажет.
Әртүрлі салаларда цифрлық трансформация бағдарламаларын өрістетіп, сондай-ақ экономикаға мемлекеттің қатысуын азайтуға жіті көңіл бөлгеніміз дұрыс. Үкіметтің экономикадағы үлесі дағдарыс кезеңдерінде экономиканы қолдауға мәжбүр болған кезде өскен еді. Енді жекешелендіруді белсендірек жалғастырып, соның ішінде «халықтық» IPO бағдарламасы аясында компанияларды қор нарығына шығару керек. Әрине, тиісті саяси реформаларды белсенді түрде жүзеге асырып, азаматтық қоғамның пікірін ескеру де маңызды.

Ал егер өткеннің өкініштеріне келер болсақ, менің де өкінішім жоқ емес. Кеудемде «біраз дүниені тезірек, батыл әрі жүйелі түрде жасауға болар еді ғой» деген қыжу бар. Бірақ сол уақытта көптеген жұмыстар алғаш рет жүзеге асырылып жатқанын, елде мұндай мәселелерді шешу тәжірибесі болмағанын, сондай-ақ жоғары білікті мамандардың жетіспегенін де түсінуіміз керек. Бәрібір заманнан аса алмаймыз.

– Сіз бас банкті басқарып тұрған жылдары Азия қаржы дағдарысы да болып еді ғой. Оңтүстік Кореяның сол кездегі президенті Ким Ен Сам да тәуекелдерді бақылауда табандылық танытпағанына қатты өкінген-тұғын. Жалпы, қаржы саласы пышақтың жүзіндей екені мәлім. Мұнда күллі сезім атаулысы атой салып жүреді. Тек болашақтың бедерінде, яғни мына біздер-жастарда өкініш аз болса дейміз.

– Рас-ау. Біздің де қалау – осы. Қазіргі заманғы қаржы әлемі өте динамикалық әрі технологиялық сипатқа ие болды. Сондықтан классикалық экономикалық теориялар мен қаржы саласындағы біліммен қатар, цифрлық технологияларды меңгеру, математика мен статистиканы терең түсіну, қарым-қатынас дағдыларын дамыту, сондай-ақ жұмыстың құқықтық қырларын және халықаралық тәжірибені жақсырақ түсіну қажет. Жалпы, жас буынға жан-жақты дамуға ұмтылу, әртүрлі кітаптар оқып, халқымыздың тарихын білсе екен. Жаңа заман мен тарихтың тәлімін қатар алса – қателесу ықтималдылығы төмендейді. Әсіресе, сыни ойлау қабілетін үздіксіз дамыту маңызды. Алысты көре білу, тереңірек зерттеуге қызығушылық пен шыдамдылық таныту өзекті. Шет тілдерін, әсіресе ең алдымен ағылшын тілін меңгеру қажет, себебі алдыңғы қатарлы ғылыми, бизнес әдебиеттері ағылшын тілінде жазылған.
Сөз соңында жас буынға айтарым – шынымен де мейірімді, ашық адамдар болыңыздар. Өйткені біз барлығымыз ұжымда, яғни адамдармен жұмыс істейміз, ал адамдарымыз әртүрлі. Сіздің мансап жолындағы және өмірдегі жетістіктеріңіз көп жағдайда басқалармен қарым-қатынас орнату, диалог жүргізу, әңгімелесушіні тыңдау қабілетіңізге байланысты екенін ұмытпаңыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен Елриза САЛЫҚҚЫЗЫ