Халық қалаулысы Таңсәуле Серіков Мәжілісте қарттардың мәселесін көтерді.
Оның сөзінше, қарттар үйіндегі қариялардың саны жылдан-жылға артып келеді.
«Қария десе, көз алдыңа шаңыраққа береке кіргізіп, құт дарытып отырған әркімнің ақ сақалды атасы мен ақ жаулықты әжесі келері анық. «Тілеуімізді тілеп, балаларына ақыл кеңесін, немерелеріне ертегісін айтып, ортамызда аман-есен жүре берсе екен» дейміз. Алайда, перзент атаулының бәрі ата-анасын алақанына салып аялап отырған жоқ. Елімізде қарттық шақта қасірет шегіп жүрген қариялар көбейіп барады. Өз жақынынан таппаған жылуды өзгеден іздегендердің қатары артуда. Мына жарық дүниеге әкеліп, ақ сүт беріп өсірген анасын, мойнына мінгізіп еркелетіп өсірген әкесін қартайған шағында өзектен тепкен қатыгез балалар да арамызда жетерлік екенін көз көріп жүр. Әйтпесе, қарттар үйіндегі қариялардың саны жылдан-жылға артар ма еді?», – дейді ол.
ҚР ресми статистикасының деректерінде 2023 жылдың соңында елімізде 51 қарттар мен мүгедектер үйі бар екені айтылады. Оның 43-і – мемлекеттік, 7-еуі – жеке. Бір орталық шетелдік жеке тұлғаның меншігінде. Қарттар мен мүгедектер үйлерінің ең көп саны – Шығыс Қазақстан облысында (11 үй орналасқан), оның 6-ауы мемлекеттік және 5 үй жеке меншікте көрінеді. Шымкент, Алматы, Атырау қалаларында, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында бір-бірден бар.
«Ресми мәліметтер бойынша 2023 жылы Қазақстанның қарттар және мүгедектер үйлерінде тұратын азаматтар саны 6 824 адамды құрады. Оның 950-і – Астанада, 905 адам – Шығыс Қазақстанда. Және жыл сайын өсуде. Бұл – алаңдататын дүние. Бастапқыда үй-күйі жоқ қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау негізінде құрылған мекемелер ержеткенде дем берер ұлы бар ақсақалдың, қартайғанда тілекші болар қызы бар кейуананың мекеніне айналар ма еді? Қарттар – біздің асыл қазынамыз», – дейді ашынған депуттат.
Ол сөз соңында қарттар үйіндегілерге балаларынан алимент өндіріп алуға болатынын жеткізді. Серіков Қазақстан Республикасының “Неке, ерлі-зайыптылық және отбасы туралы” кодексінің “Кәмелетке толған балалардың ата-аналарын күтіп-бағу жөніндегі міндеттерінің” 145ші-бабы 1ші бөлімінде “Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті” және “Балаларынан алимент өндіріп алуға құқылы, ол сот тәртібімен алынады” делінгенін атап өтті.
«Сондықтан біз ата анасын қарттар үйіне тапсырған, қараусыз қалдырған балалар, ата аналарының есеп-шотына тапқан жалақысының 50 пайызын мөлшерлеп міндеттеу керекпіз. Әрине, бұл қаражат ата-анаға деген құрметке тең келмейді, дегенмен материалдық өтеуі болуы керек. Сонымен қатар 70 жастан асқан қариялардың атында жылжымайтын мүлкі болса, өлер өлгенше басқа адамның атына рәсімдеуге тыйым салуымыз керек», — дейді депутат.
ПІКІР ЖАЗУ