«ҚОҢЫР» КҮЙІ
(Жұмекенше)
«Екі ішек: бірі бостау,бірі қатты,
Бес саусақ беретіндей ат дүбірін».
Шындықтай шырқыраған ащы бірі,
Шабыттай тамсандырған тәтті бірі.
Ылқыды қатты ішекте шаттық үні,
Боздаған бос ішекте ақты мұңы.
Күмбірлеп қоңыр әуен үні зарлы,
Күңіреніп, күрсініп тұрып алды.
Сағадан көтерілген екпінді әуен,
Жан дүниені өзіне бұрып алды.
Жігеріңді жанитын серпіліс бар,
Қайрат бар да, қайғыда іркіліс бар.
Ойыңа ой қосатын сілкініс бар,
Бурқанған бурадай бұлқыныс бар.
Қос ішек тың қағыстан тояттанды,
Күй жетіліп соңына таяп қалды.
Күрсініп, күңіренген қоңыр әуен,
Құлазып өкінішпен аяқталды.
Арман
Арман — қанат, биіктерге ұшатын,
Тәтті ойлармен қуанышты құшатын.
Сенім, сезім, төзім қажет адамға,
Көп аңсаған бақытты алдан тосатын.
Арман, мақсат екеуінің тегі бір,
Үміт, сенім оларменен төрі бір.
Бұның бәрі бірге қанат қақса егер,
Болар еді аспаны асқақ көгі нұр.
Арман сенің жігеріңді өреді,
Көрмес көздер жалғыздарды көреді.
Арман менің келешегім, аңсарым,
Өкініші күншілдікте сөнеді.
Үкілі үміт аяласа арманды,
Мақсат қойшы, кеңге салып арқаңды.
Алға қойған мақсатыңа жетерсің,
Қуанышпен қарсы алып бұл әр таңды.
19.05.2023
***
Бәйгеге салсаң тұлпармын,
Томаға сыпырсаң сұңқармын.
Бөріні көрсем торыған,
Сырттан төбеттей жұлқармын.
Керегі қанша ұрыстың,
Сабырды сақтап тырыстым.
Бәрімен биязы, сыпайы
Ешкіммен демеймін суыстым.
Даладай менің ой-санам,
Құдайдан ғана тайласам.
Өштесіп әсте көрмеппін,
Қол сілтеп, «қойшы» — дей салам!
01.02.2023
Үміт
Үміт — сенім, сын көпірден өтетін,
Үміт — қайрат, салар жолдың төтесін.
Үміт — сабыр, түбі оның сары алтын,
Үміт — өжет, өрттен өшпей өтесің.
Үміт туыс, намыспенен арменен,
Тегі бөлек тарыну мен тарменен.
Үміт шамы жарық болса, күдік тар,
Үміт жеңсе өмір сүрші барменен.
Үміт менің өмірімнің мазмұны,
Үмітсіздік — шайтан, елдің азғыны.
Келешегім нәр алса егер үміттен,
Онда менің тағдырымның аз мұңы.
Үміт қажет үзілгенді жалғайтын,
Үміт — сезім, шын түсініп талғайтын.
Үміт менің бойымдағы күш — қуат,
Биіктерге қанат қағып самғайтын.
27.02.2023
Қымбат маған
Қымбат маған намыс пенен ар құны,
Тектіліктің салмағы зор, бар құны.
Адам үшін көркем мінез-құлықтың
Арзандамай үдей түссін қарқыны.
Адам деген абзал атқа жетесің,
Пайғамбарлық тақуа мінез арқылы.
Шатастырсаң бетпақтықты намыспен,
Сөзің онда қара қарға қарқылы.
Ұзақ өмір сүру үшін адамға,
Мінез қажет, мінез қажет, жарқыным!
Шындық
Шындық — алау, үстасаң күйдіреді,
Айтқанға жұдырықты түйдіреді.
Қанша ашы болса дағы шындығың,
Арлы жанды сүйсінтіп, сүйдіреді.
Шындық — ащы, сені жек көргізеді,
Адамның етек, жеңін түргізеді.
Шындықты бетке айтқаны үшін де.
Шеттетіп, қуғын өмір сүргізеді.
Шындық — қалайды жолдардың төтесін,
Бірақ шыдатпас ызғары, салқыны.
Бәлкім, сен айналып оны өтесің,
Жанарыңды тайдырады жарқылы.
Адал адам боп жетіліп, өсесің,
Ар менен ұятың, намысың арқылы.
Өмірде шындық — көп, ақиқат — біреу,
Адамдық әділдікке болар тіреу.
Ақиқат — адамзаттың жақсы аты,
Жол-жөнекей жұлып алар гүл емес.
Ол үзақ жолдың түпкі мақсаты,
Қажетіңе жарататын пұл емес.
ПІКІР ЖАЗУ