Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху «Хамасқа» ресми түрде соғыс жариялады, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.
Газа секторындағы бейбіт тұрғындарды үйлерінен кетуге шақырды. Соған қарағанда ауқымды соққы жасалуы мүмкін. «Ұзақ әрі ауыр соғысқа кірісеміз. «Хамастың» шабуылы бізді соғысқа итермеледі», – деді Биньямин Нетаньяху халыққа үндеуінде.
Сондай-ақ соғысқа ливандық «Хезболла» жасағы қосылған сыңай танытты. Орайлы сәтті пайдаланғысы келді ме, Израиль бекіністерін зымыранмен атқылады. Израиль жауап ретінде Ливандағы «Хезболланың» нысандарына соққы берді. Израиль Сирияның Голан жоталарын 1967 жылғы соғыс кезінде жаулап алған.
Ал Ливан бұл аймақты өз жері деп санайды. АҚШ Президенті Джо Байден мен Еуропалық Одақтың Жоғары өкілі Жозеп Боррель Израильге жасалған шабуылды қатаң айыптады. АҚШ Израильге әскери көмек қарастырып жатқанын хабарлады.
Ердоған БҰҰ Палестинаның 1967 жылғы соғысқа дейінгі шекарасын қалпына келтірмейінше, тыныштық орнамайтынын айтты. Иран Президенті Ибрахим Раиси «Хамасты» қолдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, ливандық «Хезболла» жасағы да Иранға арқа сүйейді. Қақтығыс құрбандарының саны сағат сайын өсіп жатыр. Қазірдің өзінде «Хамастың» шабуылынан қаза болғандар саны 700-ге таяп қалды. 2 156 адам зардап шеккен. Израильдің жауап ретінде жасаған әуе шабуылынан 370 адам қаза тауып, 2 200 адам жараланды.
ПІКІР ЖАЗУ