Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ «ENKI» ЖШС компаниясының базасында «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» өткізілді, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің мақсаты – жұмысқа орналастыру, өндірістегі жұмыстың көрсетілімі, сондай-ақ өзінің ашық бос жұмыс орындары мен жастарға арналған мансаптық мүмкіндіктер туралы әңгімелеу. Жәрмеңкеде барлық бос жұмыс орындар, сондай-ақ жазғы кезеңде қосымша жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылды.
Шараға Көкшетау қаласындағы №1 құрылыс-техникалық колледжінің студенттері, облыстық ЖРО және «ENKI» компаниясының қызметкерлері қатысты.
Қатысушыларға экскурсия өткізілді. Экскурсия барысында кәсіпорын қызметкерлері студенттерге кәсіпорынның технологиялық құрылғылары жөнінде толықтай мәліметпен бөлісіп, қауіпсіздік шаралары туралы анықтама берді.
«Бүгін біз бос жұмыс орындар жәрмеңкесін Көкшетау қаласындағы «ENKI» кірпіш өндіру зауытында өткіздік. Жәрмеңкеге 20-ға жуық студенттер қатысты. Аталмыш бос жұмыс орындар жәрмеңкесі аясында студенттер өндіріс қалай жұмыс істейтіні, қызметкерлер үшін қандай артықшылықтар бар екендігі жөнінде ақпарат алды. Жұмыс барысын өз көздерімен көріп, шараға қатысқан студенттерге кәсіпорын ұнап, бос лауазымдар жайлы қызығушылықтарын танытты. Осындай жәрмеңкелерді алдағы уақытта тағы да өткіземіз» — дейді өз сөзінде Ақмола облысы Жастар-ресурстық орталығының «NEEТ санатындағы жастармен жұмыс жасау және кеңес беру» бөлімінің басшысы Мақпал Жанарисова.
Еске салсақ, кәсіпорын 2006 жылдың ақпан айында «Жылына 60 млн.дана кірпіш өндіретін керамикалық кірпіш шығаратын зауытын салу» инвестициялық жобасын іске асыру үшін құрылды.
Кәсіпорында Испаниялық өндірісінің «SOLINCER S.L» және «TALLERES FELIPE VERDÉS» фирмаларының технологиялық желісі орнатылған. Өндіріс процесінің барлық кезеңдері автоматтандырылған және компьютерлік техникамен бақыланады. «ENKI» ЖШС кірпіш зауыты Қазақстанның кірпіш өндірісінің флагманы.
Шара соңында кәсіпорын қызметкерлері жастарды жұмысқа орналасуға шақырды. Жұмыс жасау үшін барлық қолайлы жағдай жасалған зауытта студенттер жұмысқа орналасуға қызығушылық білдірді.
ПІКІР ЖАЗУ