«Энергетика саласы күйреу алдында»: Тозған жүйе, кадр тапшылығы мен халықты түнекте қалдырған апаттар

Фото: ozgeris.info

Еліміздің энергетика және коммуналдық саласындағы инфрақұрылым әдбен тозған. Бұл туралы сарапшылар үнемі айтып жүр. Сала мамандарынан бөлек, соңғы жылдары бірнеше өңірде жылу қазандықтарының апатқа ұшырауы осының дәлелі. Салдарынан он мыңдаған халық зардап шеккен еді. Бұл кездейсоқ құбылыс емес, жылдар бойы жиналып келген жүйелі мәселелердің салдары. Сарапшылар жабдықтардың айтарлықтай тозуы мен ескірген технологиялар азаматтардың өмір сүру сапасының төмендеуіне және елеулі экологиялық және экономикалық шығындарға алып келеді деп дабыл қағуда. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

Инфрақұрылымның тозуы 

Соңғы жылдары бірнеше өңірде жылу қазандықтары апатқа ұшырап, халықты әбігерге салған. Қыстың суық күндерінде жылусыз қалған халықтың жанайқайы есімізде. Осы тұста соңғы жылдары орын алған апаттарды еске салуды жөн көрдік.

2022 жылы Қазақстанның энергетикалық жүйесі нағыз сынақтан өтті. Жыл басталмай Алматы және оңтүстік өңірде жоспардан тыс электроэнергия өшті, сондай-ақ Өзбекстан және Қырғызстанның энергетикалық жүйелерін қосқанда, кең ауқымды апат болды. Наурыз айында Петропавлдағы ТЭЦ-2-де құбыр жарылды. Ал қараша басында Риддердегі ТЭЦ-те болған ақау салдарынан 20 мыңнан астам адам жылусыз қалды.

Тағы бір апат энергетиктер қаласы Екібастұзда орын алды. 2022 жылдың қарашасында Екібастұз қаласында жылу электр станциясында апат болып, 130 көпқабатты үй жылусыз және ыстық сусыз қалды. Апаттың себебі ретінде тозығы жеткен желілер мен құрылғылардың жағдайы аталды. “Павлодарэнерго” компаниясының бас директоры Вадим Лесиннің айтуынша, жылыту құрылғыларының беткі қабатының жануы және айналмалы механизмдердің істен шығуы сияқты мәселелер жиі кездеседі. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарына қаржы жоқ.

2023 жылы да апат жағдайлары болды. Карағанды облысы, Балқашта қыстың қақаған түнінде бірнеше көшеде жылу желісінің құбыр желісі зақымдалып, нәтижесінде 40-тан астам үй жылыту жүйесінен айырылған еді. Жергілікті әкімдік апаттың себебін атады — жылу желілерінің 75%-ы тозған.

Сол жылы 10 желтоқсанда түнде Екібастұз ЖЭО-да күл құбыры зақымданды. Зақымның салдарынан су жылыту қазандықтарының екінші цехының багер сорғысы су астында қалды.

Ақтауда да қыстың күнінде шағын аудан тұрғындары жылусыз қалған. Магистральдық жылу құбырында апат болып, кейбір шағын ауданда жылу беру шектелген еді.

2023 жылдың қаңтарында Талдықорғанда да жылу қазандықтарының бірі жарылып, 200-ден астам үй және әлеуметтік нысан жылусыз қалды. Биліктің айтуынша, оқиға болған кезде бір қазандық қана жұмыс істеп тұрған.

2023 жылдың желтоқсанында Кентау қаласында жылу электр орталығындағы төрт қазандық істен шығып, тұрғындар жылусыз қалды.

Сол жылы 25 қаңтарда Абай облысының орталығы – Семей қаласындағы «Ғаббасов» қазандығында тағы апат болды. Салдарынан 66 көпқабатты тұрғын үй мен 138 жеке үй, сондай-ақ бірнеше мектеп пен аурухана жылусыз қалды. Қазандықтағы апаттан кейін білім мекемелерінде оқу сағаттары қысқартылды. Қала билігі қазандыққа ірі жөндеу жүргізуді жоспарлап отыр, бірақ оның бюджеті ұлғаюына байланысты мерзімі шегерілген.

Тәуелсіз энергетика саласының сарапшысы Жақып Хайрушев саладағы мәселелердің басын ашып, оларды қалай жоюға болады деген сұрақтарға жауап берді.

«Жабдықтың қызмет ету мерзімінің белгілі бір шегі бар екені анық. Тіпті пайдалану жағдайлары салыстырмалы түрде қалыпты болса да. Күтпеген апаттардың алдын алу үшін техникалық құралдарды тұрақты жұмысқа жарамды күйде ұстау керек.  Тозған, ескі жабдықтарды заманауи шешімдермен алмастыру қажет. Қазіргі заманғы зауыттар бұл жабдықтарға қажетті бөлшектерді мүлде өндірмейді. Сондықтан оларды жөндеу қиын, толықтай жаңарту қымбат», — деді ол.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы жылу электр орталықтарының 66 пайызы тозып кеткен, ал кейбір қалаларда бұл көрсеткіш 80-90 пайызға жетеді. Жылу желілері орташа есеппен 53 пайызға тозған. Көптеген жылу электр орталықтары 40-50 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Инвестицияның жетіспеушілігі

Елде орын алған ірі апаттардан соң билік шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Үкімет алдына 2030 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 40%-ке дейін төмендету міндеті қойылды. Мысалы, Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту бағдарламасы аясында тозу деңгейін ондаған пайызға төмендету жоспарланған. Сондай-ақ 10 мың шақырымнан астам желі жаңартылу көзделген. Жобаға 13 трлн теңге инвестиция тартылуға тиіс. Қажетті қаражат екінші деңгейлі банктерден, ұлттық қаржылық даму институттарынан және халықаралық қаржы ұйымдарынан тартылады.

Сарапшылардың пікірінше, жабдықтардың айтарлықтай тозуы, ескірген технологиялар азаматтардың өмір сүру сапасының төмендеуіне және елеулі экологиялық және экономикалық шығындарға алып келеді.

Ұлттық жобада отандық өнеркәсіпті қолдауға да ерекше назар аударылмақ. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан бөлек 27 жаңа өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Сондай-ақ коммуналдық саланы автоматтандыру көзделген. Бұл жұмыс алдымен 20 облыс орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада жүзеге асады. Жылу жүйесін жаңғыртуға 327 млрд теңге тартылды.

Сонымен қатар «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бағдарлама шеңберінде жылу-энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі екі жыл көлемінде бірнеше есе өсті. Мәселен, 2022 жылы саланы қаржыландыру көлемі 90 млрд теңге болса, 2023 жылы 227 млрд теңгеге жетті. Ал былтыр салаға 327 млрд теңге тартылды. Соның арқасында жылу жабдықтарының тозу деңгейі 61%-тен 52%-ке төмендеді.

Дегенмен сарапшылардың айтуынша, жабдықтарды жөндеу жұмыстарының құны жаңасынан да асып кетуі мүмкін.

«Сондықтан кейбір тұста жаңадан да орнатқан дұрыс», – дейді олар.  

Сондай-ақ жаңғырту жұмыстарына қаржы тарту мақсатында коммуналдық қызметтер тарифін көтеру көзделген. Бірақ тұрмысы төмен отбасыларға жеңілдік жасалады. Бұл мақсатта жергілікті әкімдіктер тарапынан шығындардың бір бөлігі өтеледі деп сендіріп отыр.

Қазақстанның энергетика саласындағы кадрлық ахуал қандай?

Билік ескілерді жамап, тағы жаңа 27 өндіріс орындарын ашуды жоспарлап отырғанын жоғарыда жаздық. Алайда Energy Analytics телеграмм-каналының авторы Абзал Нарымбетов энергетика саласындағы кадрлар тапшылығы өзекті мәселе екенін, және білікті мамандардың елден кетуі теріс үрдіс деп дабыл қағуда.

Бұл салада жас мамандар аз, ал тәжірибелі қызметкерлер зейнет жасына жеткен. Жастар энергетика саласына қызығушылық танытпайды, себебі жалақы төмен, мансаптық өсім де қиындық тудырады. Әсіресе, инженерлер мен автоматтандыру мамандары, операторлар тапшы.

«Көз алдыңызға ескі жылу электр орталығындағы инженерді елестетіңізші. Ол 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұрған турбинаның алдында тұрып: «Біз мұны қалай жаңғыртамыз? Ал біз кеткен соң орнымызға кім келеді?» – деп ойлайды. Бұл риторикалық сұрақ емес. Бүгінде Қазақстан энергетикасында кадр мәселесі қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Тозған инфрақұрылым, маман тапшылығы және ми ағыны», — дейді маман.

Кадр дағдарысы неге өзекті мәселеге айналды?

Біріншіден, энергетикалық нысандардың 70%-дан астамы ескірген. Оларды жаңғырту үшін білікті мамандар қажет. Бірақ олар жеткіліксіз. Мәселен, ғимараттардың тек 14%-ы ғана энергия тиімділігі стандарттарына сәйкес келеді. Бұл жобалаушылар мен инженерлердің жетіспеушілігін көрсетеді.

Екіншіден, атом энергетикасы үшін кадр жетіспейді. 2035 жылға дейін елімізде үш атом электр станциясын салу жоспарланған. Ол үшін 5-6 мың маман қажет, алайда бүгінде ядролық мамандықтар бойынша небәрі 921 студент қана білім алуда. Егер кадр даярлау үдерісін жеделдемесе, бұл ауқымды жобалар кейінге шегерілуі мүмкін. Сонымен қатар, Қазақстанда “ми ағыны” және гендерлік теңсіздік те бар. Жастар  шетелге кетіп, тиімді әрі қызықты жобаларды сол жақта іздейді. Бұл әсіресе әйелдерге қатысты: энергетикадағы техникалық мамандықтарда әйелдердің үлесі небәрі 19%, ал жаңартылатын энергия көздері саласында – 25% шамасында.

Мәселені қалай шешуге болады?

Сарапшының айтуынша, ең алдымен білім беру бастамаларын жүзеге асыру қажет.

«Қазақстан бұл бағытта алғашқы қадамдарды жасап келеді. Мәселен, ҚазҰУ базасында МИФИ филиалының ашылуы – кадр сапасын арттырудың нақты жолы. “RE School” бағдарламасы жасыл энергетикаға мамандар даярлап жатыр. Бірақ мұндай жобалар әлі де жеткіліксіз. Сондай-ақ, техникалық мамандықтарда оқитын әйелдер үшін мақсатты квоталар мен стипендиялар енгізу қажет. UNDP-Damu жобасы осыған жақсы мысал бола алады», — деді сарапшы.

Екіншіден, елімізге ауқымды инфрақұрылымдық жобалар керек. Қазақстан 2029 жылға дейін 200 энергетикалық нысанды жаңғыртуға 25,5 млрд доллар бағыттамақ. Бұл тек инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, сонымен қатар 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуы. Яғни, өңіраралық электр желілері салынып, инженер-желішілерге сұраныс арта түспек.

«Халықаралық ынтымақтастықты да дамыту маңызды. Қазақстан қазірдің өзінде геологиялық барлау саласында Rio Tinto және Yildirim Holding компанияларымен әріптестік орнатты. Дәл осындай тәсілді энергетикада да қолдануға болады. Мысалы, IRENA тәжірибесі көрсеткендей, гендерлік бағдарланған жобалар жаңартылатын энергетика саласына әйелдерді тартуға сеп болады», — дейді маман.

Болашақ мамандықтарды да болжау маңызды дейді маман.

«Біз тек бүгінгі кадр тапшылығын ғана жоймай, болашаққа көз жүгіртуіміз қажет. Қазақстанда әзірленген “Жаңа мамандықтар картасы” энергетика саласына қатысты болжамдарды қамтиды. Алдағы онжылдықта сұранысқа ие болматын мамандықтардың тізімі: жаңартылатын энергия көздерін және энергия жинақтау жүйелерін біріктіретін “ақылды” желілерді жобалаушылар, көміртегі шығарындыларын азайту технологияларын енгізумен айналысатын көміртексіздендіру мамандары, сондай-ақ жасанды интеллект пен IoT арқылы энергетикалық жүйелерді басқаратын операторлар. Бұл Атлас ЖОО-ларға оқу бағдарламаларын түзетуге, ал студенттерге сұранысқа ие мамандықты таңдауға көмектеседі. Бірақ оны кәсіби бағдар беру және оқыту жүйесіне кеңінен енгізу қажет», — деді маман.

Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл өз нәтижесін беріп келеді. Энергетикалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс 30%-ға артты. Бірақ бұл жетістікті нығайту үшін Қазақстан жаңартылатын энергия көздері мен модульдік АЭС жобаларын жедел жүзеге асыруы тиіс. Себебі, жастар тек жұмыс іздемейді. Олар жарқын болашақтарына сенгісі келеді. Ең басты сұрақ — Біз болашақ инженерлер үшін “тартымды орта” қалыптастыра аламыз ба, әлде білікті кадрларды жоғалта береміз бе? Таңдау – өз қолымызда.


Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Видео с выпускного "убило" всех родителей: кто это заснял?!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Кардиолог шокировал мировую медицину: сосуды чистит простой...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Диетолог: "Уходит 12 кг жира за 3 дня! Для похудания советуем…