Жыл басынан бері елорда аумағында жасалатын барлық қылмыс 2,4 пайызға төмендеді. Бұл туралы Астана қалалық полиция департаментінен мәлім етті.
«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы аясында қоғамдастықпен бірге Астананың проблемалар картасы әзірленіп, оны жүзеге асырудың операциялық жоспары бекітілді. Онда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу іс-шаралары қамтылған. Барлық құқық қорғау, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған. Алдын алу сипатындағы іс-шараларды қабылдаудың нәтижесінде 2024 жылы барлық қылмыстардың тіркелуі 2,4 пайызға (2 630-дан 2 499-ға) төмендеді», — деді департаменттен агенттік тілшісінің сауалына орай.
Ведоствоның мәліметінше, қылмыстардың ашылуы да жақсарды. Кісі өлтіру, зорлау, қарақшылық жасау, автомобиль ұрлау, ауыр бұзақылық сынды қылмыстардың бәрі әшкереленді. Сонымен қатар түнгі уақытта жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде көңіл көтеру орындарында бірде-бір ауыр қылмыс тіркелген жоқ.
«Іздеуде болған 42 қылмыскер ұсталып, із-түссіз жоғалған 61 азамат анықталды. Қабылданған шаралардың арқасында интернет-алаяқтық қылмыстарын тіркеу 22,7 пайызға (967-ден 670-ке) төмендеді. Сонымен қатар 37 интернет алаяқтық әшкереленіп, 272 жалған хабарлама мен заңға қайшы 37 интернет ресурс бұғатталды. Жалпы, елордадағы криминогендік ахуал тұрақты және бақылауды тұр», — деді ведомстводан.
Фото: Видеодан алынған кадр/ t.me/POLICE_of_KZ
ПІКІР ЖАЗУ