2-4 маусым аралығында Астана қаласында ҚР Ұлттық ұланы Х-шы мерейтойлық «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне және Астана қаласының 25 жылдығына арналған іс-шаралар шеңберінде 3 маусымда сағат 20.00-де Астана қаласы Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатрда «Әскери керней» фестивалінің Х-шы мерейтойлық Плац-концерті өтеді.
Фестивальға ҚР Ұлттық ұлан оркестрлері, Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі ансамблі, ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің оркестрі, сондай-ақ шығармашылық ұжымдар қатысады.
Жыл сайынғы әскери оркестрлер фестивалі маңызды мәдени шараға айналып, қатысушылардың өнері көрермендердің жадында ұмытылмас жарқын әсер қалдыруда. Фестиваль барысында әскери, классикалық, халықтық және эстрадалық музыканы, дефиле шеруін, плац-концертті және әскери қызметшілердің қару-жарақпен шеберлік қойылымдарын тамашалауға болады.
Іс-шараға күш-құрылым ведомстволарының бірінші басшылары, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары шақырылды.
2023 жылғы 2 маусымда сағат 18.00-ден 19.00-ге дейін Орталық қалалық саябақта, сондай-ақ елордалық «Жерұйық» және «Жетісу» саябақтарында ҚР Ұлттық ұланы өңірлік қолбасшылықтарының жиынтық оркестрлерінің қойылымдары өтеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай және қала әкімдігінің қолдауымен 4 маусымда сағат 10.00-ден 10.50-ге дейін «Нұрлы жол» Сулы-жасыл бульвары бойынша жиынтық Оркестрлер шеруі өтеді. Бастапқы бағыт — ғашықтар паркі («Хан Шатыр» СОО қарама-қарсы), соңғы бағыт –«Бәйтерек» монументі, онда іс-шара плац-концертпен күндізгі сағат 12.00-ге дейін жалғасады.
Өткізу уақыты мен орны:
ҚР Ұлттық ұланы өңірлік қолбасшылықтарының жиынтық оркестрлерінің өнер көрсетуі: 2 маусым сағат 18: 00-де, мекен-жайы: Орталық қалалық саябақ, «Жерұйық» және «Жетісу» саябағы;
«Әскери керней» фестивалінің Плац-концерті: 3 маусым сағат 20.00-де, Мекен-жайы: Амфитеатр, Тұран даңғылы, 2/6 үй;
Жиынтық оркестрлердің шеруі: 4 маусым сағат 10.00-де бастапқы пункт-ғашықтар паркі («Хан Шатыр» СОО қарсы), соңғы пункт – «Бәйтерек»монументі мекен-жайында өтеді.
ПІКІР ЖАЗУ