Соңғы бір-екі күндікте «телефонның IMEI-коды тексеріледі», «тексеруден өтпеген телефондар бұғатталады» деген сарында ақпарат тарады. Былай қарасаң, елдің бәрін жаппай телефондарын тексеруге үгіттегендей.
Цифрлық даму министрлігі ресми ақпарат жариялады. Онда 24 наурызда күшіне енетін жаңа ереже тек сол күннен бастап елге әкелінетін жаңа құрылғыларға ғана қатысты екені айтылған. Яғни, ұялы байланыс құрылғыларын бақылау және сәйкестендіру ақпараттық жүйесі (ИС МИУ) іске қосылады. Бұл жүйе ұялы байланыс операторлары арқылы барлық смартфондарды IMEI коды бойынша тұрақты негізде қадағалап отырады.
Мобильді құрылғылар верификациядан кейін «ақ тізім», «сұр тізім» және «қара тізім» болып үш категорияға бөлінеді.
- Ақ тізім – IMEI кодтары дерекқорға енгізілген смартфондар. (Бұл кодтар құрылғы елге әкелінген кезде кеденде тіркеледі.) Яғни, бұл құрылғылар ИС МИУ жүйесінде тексерістен сәтті өтеді.
- Қара тізім – дерекқорда IMEI коды жоқ смартфондар. Сонымен қатар, зауыттан шыққан кезде IMEI коды берілмеген немесе өзгертілген (яғни, ұрланған болуы мүмкін), сондай-ақ GSMA (Ғаламдық мобильді байланыс жүйесі қауымдастығы) қара тізіміне енгізілген құрылғылар да осы санатқа кіреді. Бұл смартфондар бірден және ескертусіз байланыстан ажыратылады.
- Сұр тізім – ақ және қара тізім арасындағы аралық санат. Бұл санатқа екі бірдей IMEI коды бар немесе иесінің ЖСН-іне тіркелмеген смартфондар кіруі мүмкін.
Сұр тізімдегі смартфондардың иелеріне құрылғыны тіркеу қажеттігі туралы ескерту жіберіледі. Оны 30 күн ішінде тіркемеген жағдайда, смартфон байланыстан ажыратылады. Қара тізімдегі құрылғылар ескертусіз бірден ажыратылады.
«Бірақ, елге жаппай дүрлігудің қажеті жоқ. Осы күнге дейін ресми тіркелген құрылғылардың иесі ештеңе істеуге міндетті емес. Яғни, бұраннан (тіркеліп) қолданып келе жатқан телефоныңыз еш шектеусіз жұмыс істей береді», — деп пікір білдірді Қаржылық сауат арнасы.
Ең бастысы, 24 наурыздан кейін телефон сатып алмас бұрын, оның IMEI-кодын imei.rfs.gov.kz сайтынан тексеріп алған дұрыс. Өйткені елге заңсыз әкелінген құрылғылар көп. Ресми ақпарат бойынша, қазір Қазақстанда IMEI-коды қайталанған 3,7 миллион құрылғы тіркелген екен. Олардың кемінде жартысы елге заңсыз әкелінген. Соның салдарынан мемлекет жыл сайын 150 млрд теңге салықтан қағылып отыр, оның ішінде 100 млрд теңгесі кедендік алымдардан түспей қалған. Және басты мақсат – телефон арқылы жасалатын алаяқтықпен күресу және контрабанданы тоқтату.
Жаңа ереженің жаңашылдығы — мобильді құрылғылар верификациялау процедурасынан өтеді. Сол кезде:
- құрылғыдағы IMEI-кодтың түпнұсқалығы;
- IMEI-кодтың халықаралық GSMA базасында ұрланған, бұғатталған немесе жоғалған құрылғылар тізімінде бар-жоғы;
- құрылғының Қазақстан аумағына заңды түрде әкелінгені тексеріледі.
Шетелден әкелінген құрылғы иелері шекарадан өткен күнді көрсетуі керек. Егер пайдаланушы 30 күн ішінде верификациядан өтпесе, кез келген уақытта телефонға келген сілтеме арқылы анкета толтырып, растау процесін аяқтай алады.
«Айтпақшы, бұл науқанды да алаяқтар өз пайдасына шешіп кетуі мүмкін. «Сіз құрылғының тіркелгенін біз арқылы біле аласыз, ол үшін телефоныңызға келген SMS-кодты айтсаңыз жеткілікті» деп ауызымызды ұрып кетпесін. Сақ боларсыздар, үйдегі және ойда-қырда жүрген жақындарыңызға айта жүрерсіз», — деп ескертті Қаржылық сауат арнасы.
Кімдерге ерекше жағдай жасалады?
Құрылғының IMEI коды қандай болса да, белгілі бір азаматтардың смартфондары ажыратылмайды. Бұл – Қазақстанның қорғалатын тұлғалары, яғни елдің жоғары басшылығы, экс-президент, шетелдік мемлекет басшылары және басқа да арнайы тізімге енгендер.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру