Білікті әрі талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес алғашқы жастар кадрлық резерві 2019 жылы, кейін 2021 жылы екінші мәрте жүргізілді.
Ең дарынды, ең қабілетті жастар іріктеуден сәтті өтіп, ел мүддесі үшін қызмет атқаруға мүмкіндік алды. Олар мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.
Солардың жарқын мысалы ретінде Қостанай өңірінен іріктеуге қатысып бағын сынаған көптеген жастардың ішінен білімі мен жеке, әрі кәсіби қабілеттерінің арқасында суырылып алға шығып резервке енген Азамат Кашиев пен Арнұр Сартовты айтып кетсе болады. Президенттік жастар кадр резервінен облыстық деңгейде басшылық лауазымға тағайындалған Азамат Совхозбайұлы мен саяси лауазымға, яғни аудандық деңгейде әкім болып тағайындалған Арнұр Маратұлы бүгінде өз міндеттерін мінсіз атқарып, халық ықыласына бөленуде. Бұл іріктеудің нәтижелі өткендігінің белгісі деп білемін.
Өзім 2019 және 2021 жылдары екі іріктеуде де ассесмент орталығы әдісі арқылы үміткерлердің қабілеттерін бағалаған эксперттердің қатарында болғандықтан, іріктеудің барынша әділ, әрі ашық болғанын нық сеніммен айта аламын.
Ассесмент орталығы халықаралық деңгейде дәлдігі жағынан жоғары сенімге ие болған құзыреттіліктерді бағалаудың озық әдісі болып табылады. Ассесмент кезінде әр қатысушыға бірдей талап қойылып, өзінің қабілетін барынша көрсетуге бірдей мүмкіндік беріледі. Үміткерлерге көшбасшыға тән құзыреттіліктерін көрсете алатын тапсырмалар беріліп, нәтижесі бойынша объективті баға беріледі. Объективтілікті қамтамасыз ету үшін бір үміткерді кем дегенде екі ассесор бағалайды. Осы кезеңде үміткердің бойында жоғары мемлекеттік және басқарушы лауазымдарға лайықты қабілеттердің қаншалықты дамығаны анықталатындықтан, әрі әр үміткермен тікелей жеке және топтық жұмыстар жүргізілетіндіктен үміткердің шынайы болмысы танылады. Сондықтан болар бойында қайраты бар, алға қойған мақсаты айқын, жалындаған жастар осы кезеңде барынша ашылып, өздерін кәсіби маман, әрі жеке тұлға, көшбасшы ретінде көрсетуге мүмкіндік алады.
Президенттік жастар кадр резерві жастарға білімі мен дағдыларын қолданып, мемлекеттік қызметте өз әлеуетін іске асыруға, жауапты лауазымдарда қызмет етуге мүмкіндік беретін бірегей жоба. Президенттік жастар кадр резерві жүрегі елім, жерім, халқым деп соғатын шынайы Отанын сүйетін, ел мүддесі үшін аянбай еңбек етуге дайын жастардың мекені.
2023 жылғы іріктеуде бағын сынауға бел буған барлық жастарға осы құндылықтарға аса мән беріп, іріктеуден сәтті өтулеріне тілектестік білдіремін.
ПІКІР ЖАЗУ