Елімізде интернет байланысы неге нашар?

Елімізде интернет жылдамдығына байланысты мәселе жиі көтеріледі. Оған қатысты шағымдар да аз емес. «Неліктен елімізде интернет нашар» деген сұрақты көпшілік мобильді операторларға қойып жүр. Осы ретте «Beeline Қазақстан» компаниясының Желі мониторингі орталығының мамандары нақты түсініктеме берді. Олар желі сапасын бақылау, ақауларды анықтау, оларды жою жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, интернеттің неге баяулайтынын және байланыс қандай жағдайда үзілетінін ашып айтып берді.

«Күніне 1 миллионға жуық ақау тіркеледі»

«Beeline» желі мониторингі орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Онда шамамен 50 маман бар. Бұрын негізінен техникалық білімді инженерлер жұмыс істесе, қазір компания күрделі құрылғыларды басқару үшін IT мамандарын көптеп қабылдап жатыр.

Желі мониторингі орталығы бірнеше бағытқа бөлінеді. Бір команда ұялы байланысты бақылайды, екінші топ – стационарлы интернетті, үшіншісі – транспорттық желілерді. Тағы бір топ желінің ядросын бақылайды. Ол – қоңыраулар, SMS, интернет-трафиктерді өңдейтін жабдықтар. Орталықта 450 мыңнан астам құрылғы қадағаланады. Мамандардың сөзінше, бүкіл ел бойынша күніне 1 миллионға жуық техникалық ақау тіркеліп, талданады.

Осы миллион ақаудың ішінен шамамен 2000-ы ғана «инцидент» ретінде тіркеледі. Яғни ұзақтығы 30 минуттан асатын, тұтынушылардың жұмысын тежейтін үлкен ақаулар. Алайда пайдаланушылар солардың небәрі 0,1%-ын ғана байқайды. Қалғандары бірнеше минут ішінде техникалық командалармен тез реттеледі.

Ақаудың басты себебі – жарықтың өшуі

Елімізде интернеттің үзілуі немесе мобильді байланыстың кенеттен жоғалып кетуі көбіне техникалық ақаулармен емес, электр қуатының өшуіне байланысты болады. «Beeline»компаниясы мамандарының мәліметінше, байланыс желісіндегі ақаулардың 70 пайызы – электр қуатының тоқтауынан туындайды. Яғни, егер базалық станция орналасқан елді мекенде немесе қала бөлігінде жарық сөнсе, сол сәтте ұялы байланыс пен интернет те қатар үзіледі. Себебі базалық станциялардың жұмыс істеуі тұрақты энергия көзіне тәуелді.

Мұндай жағдайларда, алғашқы қауіпсіздік шарасы ретінде, байланыс құрылғылары автоматты түрде аккумулятор режіміне көшеді. Орташа есеппен, станция 24 сағатқа дейін аккумулятормен өздігінен жұмыс істей алады. Алайда, егер жарық бір тәуліктен ұзаққа созылса,өңірлік техникалық командалар шұғыл түрде дизель-генераторлармен шығып, жабдықтарды қолмен іске қосуға мәжбүр болады.

Мысалы, 2023 жылдың көктемінде еліміздің бірнеше өңірінде болған су тасқыны кезінде дәл осындай жағдайлар тіркелген.


«Beeline»инженерлері базалық станциялардың маңында бірнеше күн бойы тұрақтап, байланыс үзілмес үшін бар күшін салған. «Кей инженерлер резеңке қайықпен дизель-генератор жеткізіп, жету қиынауылдарға Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге тікұшақпен барды. Осындай жағдайда мобильді байланыс пен интернет қызметін үзбеу компанияның әлеуметтік жауапкершілігі», дейді орталық басшысы Анара Смайылова.

Елімізде жарықтың жиі өшуі де – өзекті проблема. Әсіресе жаз мезгіліндегі аптап ыстық пен қыс мезгіліндегі боран кезінде, электр қуатының берілуінде үзілістер жиі болады. Энергетика министрлігінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын еліміз бойынша орташа есеппен 60 мыңға жуық электр жүйесіне қатысты апаттық жағдай тіркеледі. Бұл кей жағдайда тұтас аудан немесе өңір бірнеше сағат бойы жарықсыз қалуы мүмкін деген сөз. Ал әрбір осындай үзіліс – мобильді байланыс сапасына тікелей әсер етеді.

«Beeline» секілді ірі мобильді операторлар жарық көзінен тәуелсіз резерв жүйелерін барынша дамытуға тырысқанымен, ел аумағындағы мыңдаған базалық станцияны бірдей тәулік бойы генератормен қамтамасыз ету техникалық әрі қаржылық жағынан оңай шаруа емес.

Желі жылдамдығына құрылыс жұмыстары әсер етеді

Қалалар мен ауылдарда жұргізілетін құрылыс жұмыстары кезінде құрылысшылар көбіне жерасты коммуникация сызбаларын тексермей жұмыс істейді. Соның салдарынан жер астындағы оптикалық кабельдер зақымдалып, бірден бүкіл аудан немесе қала байланыссыз қалуы мүмкін.

«Beeline»-ның корпоративтік коммуникация жөніндегі аға сарапшысы Сергей Кимнің айтуынша, мұндай жағдайларда инженерлер далада үзіліс орнын табу үшін ұзақ уақыт іздейді, кейін диаметрі адам шашындай ғана талшықты арнайы құралмен дәнекерлеп, қайта жалғайды.

Желідегі ақау орын алғанда мониторинг орталығының мамандары трафикті басқа арналарға бағыттап, интернет байланысын мейлінше сақтап қалуға жұмыс істейді. Көп жағдайда жүйе ақауларды автоматты түрде тіркейді. Жасанды интеллект оқыс жағдайлардың 80 пайызын өзі анықтап, тиісті өңірлік командаға ескерту жібереді. Қалған 20 пайыз ақау – операторлар тарапынан қолмен тіркеледі.

«Кейбір жағдайлар қашықтан шешіледі: мысалы, құрылғыны қайта жүктеу немесе бағдарламалық баптауларды өзгерту. Ал техникалық араласу қажет болса, инженерлер тікелей оқиға орнына барады. Қыста олар кейде бірнеше сағат бойы көлікпен жүреді, жол жабық болса, көлікті тастап, шаңғымен жалғастырады. Қажетті жабдықтардың өзі бірнеше 10 киллограмдай болады», дейді С. Ким.

Головкиннің жекпе-жегі кезінде трафик 5 есе өскен

Пайдаланушылар интернет нашарласа жылдамдықты тексеріп, операторға шағымданады. Ал «Beeline» қызметкерлері мәселені өз мониторларынан қарап, нақты қай жерде, қандай бағытта, қандай құрылғыда ақау бар екенін көреді. Олар бүкіл ел бойынша транспорттық желіні көрсететін карта арқылы бақылау жүргізеді. Егер желі жасылдан қызылға ауысса бұл маңызды мәселе бар деген белгі.

Анара Смайылованың айтуынша, бір орыннан 10-нан аса шағым түссе, мәселе техникалық бөлімге беріледі. Кейде тіпті инженерлер өздері қолданушы ретінде тест жүргізіп көреді: бір телефонда мәселе байқалуы мүмкін, ал басқа модельде – мүлде ақау болмайды. Бұл құрылғы түріне, операциялық жүйеге, қолданылып жатқан қосымшаға байланысты. Кей жағдайда мәселе қолданушыдан болуы мүмкін.

«Трафиктің күрт артуы көбіне үлкен қоғамдық оқиғалар кезінде байқалады. Мысалы, Геннадий Головкиннің чемпиондық жекпе-жегі кезінде Beeline желісіндегі интернет трафик 4–5 есе артқан. Дәл осындай өсім Димаш Құдайбергеннің концерттері кезінде де тіркелген. Сонымен қатар Рамазан айында таңғы 4–5 шамасында интернет пайдалану күрт көбейеді екен. Себебі сәресі уақыты болғандықтан, адамдар интернетке кіріп үлгеруге тырысады», дейді орталық басшысы.

«Beeline» компаниясы шалғай елді мекендерге де базалық станциялар орнатып жаьыр. Соның бірі – халық саны 100-ге жетпейтін Көкпек ауылында іске қосылды. Станция 2G, 3G және 4G форматында жұмыс істейді. Компания мәліметінше, мұндай жобалар қаржылық тұрғыда тиімсіз: құрылғы, мұнара, салқындату жүйесі, электр қуаты мен қызмет көрсету шығындары 100 миллион теңгеге дейін барады. Ауылда тұратындардың тек бір бөлігі ғана «Beeline»желісін пайдаланады, трафик те аз. Соған қарамастан, компания мұндай елді мекендерге техникалық желіні тартуды жалғастырып отырғанын атап өтті.

Елриза САЛЫҚҚЫЗЫ