Он бір өңірде жеке тұлғалар үшін ауыз суды тарифтеу қағидаттары қайта қаралды, атап айтқанда, «тұтынудың әлеуметтік нормалары» енгізілді, деп жазады ozgeris.info тілшісі.
Қазақстанның алты облысында – Ақмола, Ақтөбе, Түркістан облыстарында, Ұлытау облысында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында «әлеуметтік тұтыну нормаларын» енгізу нәтижесінде ай сайын орта есеппен 1,65 млн текше метр суды үнемдеуге қол жеткізілді. Жаңа нормалар енгізілгенге дейін бұл өңірлерде орташа тұтыну көлемі шамамен 21,1 млн текше метрді құрады, ал норма енгізілгеннен кейін ол 19,5 млн текше метрге дейін төмендеді.
Сараланған тариф елде суды үнемдеу және ұтымды тұтыну мәдениетін енгізуге ықпал етеді. Қазақстанның алты өңірінде алынған нәтижелер осы тәсілдің тиімділігін растайды.
Өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап Жамбыл облысында «әлеуметтік тұтыну нормалары» енгізілді. Жаңа жылда бұл шараны Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында енгізу бойынша жұмысты жалғастыру жоспарлануда.
Экономикалық емес тұтынушылар үшін тарифтерді ұлғайтудан түсетін қосымша қаражат сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жаңғыртуға және реконструкциялауға бағытталатын болады, бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және олардың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, суды тұтыну нормасы 3 текше метрден асқан кезде нормативтен тыс тұтыну үшін төлем 20%-ға, 5 текше метрден асқан кезде тариф 50%-ға, ал 10 текше метрден асқан немесе есептеу аспаптары болмаған кезде су үшін төлем екі есе артады.
ПІКІР ЖАЗУ