Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.
2023 жылғы 13 қазанда Бішкекте өткен ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартқа қол қойылған.
Мақсаты – орыс тілін халықаралық үкіметаралық ұйымдар мен құрылымдардың ресми немесе жұмыс тілі ретінде, сондай-ақ халықаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету.
«БҰҰ-да 6 ресми тіл қолданылады: ағылшын, француз, қытай, орыс, испан және араб. Қазір осы тілдерді дамытуға бағытталған арнайы халықаралық ұйымдар бар. Мысалы, француз тілінде сөйлейтін 50-ден аса елді біріктіретін Франкофония ұйымы, Араб тілінде сөйлейтін елдерді біріктіретін Халықаралық араб тілі кеңесі, сондай-ақ Британ кеңесі, Конфуций институты, Сервантес институты сияқты ірі халықаралық институттар жұмыс істеп жатыр.
Республикалық бюджеттен ұйымға жылына шамамен 43 млн теңге бөлінеді. Заңнамаға сәйкес, біз мүше болған халықаралық ұйымдардағы қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Ресми процедура біткеннен кейін, заңға президент қол қойғаннан соң, 6 елдің бүкіл министрі жиналып, бұл ұйым қалай жұмыс істейтіні туралы шешім қабылдайды. 2025 жылдың басында негізгі шаралар басталады. (Әр мемлекет) ұйымның бюджетіне қаржы құяды. Қазақстан бөлетін қаржы – 43 млн теңге. Бұл көп емес», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістің жалпы отырысында.
ПІКІР ЖАЗУ