Елден қашып кеткен экс-шенеунік Өзбекстанда ұсталды

Фото: ашық дереккөз

Халықаралық іздеуде жүрген Ақтау қаласының бұрынғы әкімінің орынбасары Тимур Сәдуақасов Өзбекстанда ұсталды.

Kozachkov_offside Telegram-арнасының мәліметінше, экс-шенеунік Қазақстаннан Қырғызстанға заңсыз жолмен өтіп, одан әрі Өзбекстан аумағына жасырын кірген. Бірақ оны жергілікті шекарашылар қолға түсірді. Енді Cәдуақасовқа «алдын-ала келісім арқылы топ болып шекараны заңсыз бұзу» бабымен 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Ал Қазақстанда ол сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысы бар деген күдікке ілінген. Қазақстанда Тимур Cәдуақасовқа «Тиолайн» ЖШС-нің қызметіне қатысты жемқорлық жасаған деген айып тағылып отыр.

Бұл жерде кәсіпкер Виктор Долгалевтің әрекеттері ұзақ уақыттан бері тексерілуде. Ол заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және жер қойнауын өз бетінше пайдаланды деп айыпталуда. Долгалевтің ісін қазылар алқасы бір рет ақтап шыққанымен, кейін үкімнің күші жойылып, іс басқа өңірге қайта қарауға жіберілді.

Тергеу органдарының мәліметінше, Долгалев серіктестерімен даулы мәселелерді заң аясында шешпеген. Ол Ақтау әкімінің орынбасары Сәдуақасов арқылы белгілі бір органдармен байланысып отырған деген болжам бар. Ал Сәдуақасовтың әрекеттері алаяқтық және пара беруге итермелеу ретінде қарастырылуда.

Осылайша экс-шенді бір мезетте екі елде де түрме жазасын өтеу қаупіне тап болды.