Экономикада өсім жоқ, не істеп жүрсіздер? – депутат Үкіметке

Депутат Еділ Жаңбыршин Үкімет жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мәжілістің жалпы отырысында «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Жиында Еділ Жаңбыршин Қазақстан экономикасында өсім жоғын айтып, Үкімет жұмысын сынға алды.

Біріншіден, бізге Президент «2029 жылы жалпы ішкі өнімді 450 млрд долларға, ал ұлттық қордағы қаржыны 100 млрд долларға жеткізу керек» деп тапсырма берді. Ақын Махамбет Өтемісұлы «Қорамсаққа қол салдық, қол салғанда мол салдық» деп айтқандай сіздер Ұлттық қордан қайта-қайта ақша алып жүрсіңдер. (Ақша алуға) шектеу қою керек деп мойындап отырсыңдар…

Екіншіден, квазимемлекеттік компаниялар 3 трлн теңге дивиденд алады. Ол – таза табыс. Оның ішінде «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры – 1,9 трлн теңге, 1 трлн теңге қалғандары… Біз (осы қаржыны) бюджетке аударсын деп ұсыныс бердік. Сіздерге ақша жетпей жатыр, бірақ келіспедіңіздер», – деді депутат.

Оның пікірінше, өңдеу өнеркәсібінде де жағдай мәз емес.

«Роман Васильевич (Премьер-министрдің бірінші орынбасары), сіз өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларына жетекшілік етіп отырғаныңызға неше жыл болды? Ешқандай өсім жоқ. Мұнай бағасы төмендеп жатыр. Өнімді өңдеу жоқ. Сіздер не істеп отырсыздар? Бюджетті қалай толтырасыздар? Біз шикізатпен Ұлттық қорды толтырып, жалпы ішкі өнімді өсіре алмаймыз. Осылай келіп, депутаттарға жауап беріп кетесіздер. Өсіп жатқан өнім, салық, ұлттық қор жоқ. Сіздер не істеп жүрсіздер?», – деді Жаңбыршин.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр, вице-премьердің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, экономика мен өңдеу өнеркәсібінде өсім барын, тиісті жұмыс істеліп жатқанын атап өтті.