Мәжіліс депутаты Никита Шаталов «Қазақстан» шахтасында болған апатқа «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның жоғары басшылары жауап беріп, қатаң жазалану керектігін айтты.
Ол өзінің депутаттық сауалында осыдан бір айдан астам уақыт бұрын «Қазақстан» шахтасында тұтанған өрт әлі сөндірілмей жатқанын еске салды. Апат салдарынан 5 адам көз жұмғанын және 16 адамның зардап шеккенін де айтып өтті.
“Біз үкіметтік комиссияның нәтижесін күттік. Ол өткен аптада жарияланды. Тергеу барысында кінәнің жұмыс берушіге жүктелетінін анықтады. Қылмыстық жауапкершілікке 28 адам тартылуы керек”, — деді Никита Шаталов.
Мәжілісмен шахтадағы бұл апат кәсіпорын басшыларының кінәсінен болғаны анық деп айтты. Олар ақша үнемдеу мақсатында, сапалы құрал-жабдық сатып алмаған деп есептейді депутат.
«Бұл жолы біз отандастарымыздан айырылған апат кәсіпорын басшыларының кінәсінен болғаны анық. Олар көмір өндіру кезінде барлық техникалық талаптарды орындамай, дұрыс емес жабдықты сатып алу арқылы ақша үнемдейміз деп шешті. Мысалы, Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес өртке төзімді болуы тиіс таспа өртенгені белгілі болды. Бұл біздің азаматарымыздың тағдырына деген немқұрайлылық. Егер біреудің ашкөздігі болмаса, онда Стешин, Халиков, Бургун, Слюнков және Старовойт тірі болатын еді», — деді депутат.
Никита Шаталов отандастарымыз әділеттілікті күтіп отырғанын айтты. Сондықтан тергеу нәтижесі әділ жаза қарастыру керек деп есептейді.
«Біріншіден, біз бақылауды әлсіретпеуді талап етеміз. Тергеу нәтижелері әділ жазаға әкелуі керек. Апатқа, кеншілердің өліміне кінәлі адамдар болған оқиға үшін толық жауапкершілікке тартылуы керек. Ешкім, әсіресе кәсіпорын басшыларына, соның ішінде шетелдіктерге қатысты, қылмыстық қудалау жауапкершілігінен шығарылмауы керек. Қылмыстық шешім қабылдаған адамдар мәжбүрлі орындаушыларға қарағанда бірнеше есе қатаң жазалануы керек», — деді депутат.
Депутаттың сөзінше, шахталардағы апаттың себебі – инвестордың модернизация жасамауы және кеніштердегі жұмыс жағдайларын бақыламауы.
«Қаза тапқан кеншілер саны Митталдың Қазақстанда жұмыс істеген уақытында 100-ден асты. Біз қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығына жүздеген миллиард ақша тапқандардан өздерінің инвестициялық міндеттемелерін толық көлемде орындауды талап етеміз. Қазақстан үкіметінің бұл үшін барлық қажетті заңдық тетіктері бар», — деді Шаталов.
ПІКІР ЖАЗУ