ЕБРР ескерту жасады: Қазақстанның экономикалық болжамы төмендеді

Қазақстанның экономикасы 2025 жылы күткендегіден баяу өседі дейді.  Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕБРР) елдің ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) өсімін 5,2%-дан 4,9%-ға дейін төмендетті. 2026 жылға арналған болжам өзгеріссіз – 4,5%, деп жазады Ozgeris.info.

Бұл өзгерістердің себебі түсінікті. Қазақстан 2025 жылды жақсы қарқынмен бастады – алғашқы тоқсанда ІЖӨ 8,3%-ға өсті. Негізінен Теңіз кен орнындағы мұнай өндірудің артуына байланысты. Бірақ өсімнің астарында күрделі міндеттер де бар.Еліміз мұнай өндіруді арттыру арқылы табысқа кенелмек, ал ОПЕК+ келісімдері шектеулер қояды. Қазақстан бұрынғы артық өндіруін өтеуге міндетті, квоталарды біртіндеп көтеру бұл міндеттемені жеңілдеткенімен, жағдайды түбегейлі өзгертпейді.

«Алайда елге өндіріс көлемін ОПЕК+ келісіміндегі міндеттемелермен, оның ішінде 2024 жылғы артық өндіруді өтеу бойынша келісімдермен үйлестіру қажет. 2025 жылдың сәуіріндегі ОПЕК+ шешімі квоталарды біртіндеп көтеру туралы жағдайды біршама жеңілдетеді», делінген құжатта.

Тағы бір қауіп – Қытайдан келетін сұраныстың төмендеуі. Қытай – Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі, ал қытайлық тараптың біздің мұнайға, металдарға және басқа да тауарларға сұранысы азайса, бұл экономикалық өсімге кері әсер етеді.Ішкі мәселелер де бар. Жоғары инфляция халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, сұранысты азайтуы мүмкін. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін көтеріп, инфляцияны бақылауға тырысуда. Бірақ бұл шара ішкі тұтынуды әлсіретеді.

«Күтілетін салық реформалары, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін. Алайда, бюджет кірісінің артуы фискалдық саясаттың Ұлттық қорға тәуелділігін біртіндеп төмендетуге ықпал етуі керек. Болжам бойынша, нақты ІЖӨ өсімі 2025 жылы 4,9%-ды құрайды, ал 2026 жылы 4,5%-ға дейін баяулайды», – деп санайды сарапшылар.

Салық саясаты да өзгерістерге ұшырайды. ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі инфляциялық қысымды күшейтеді. Бірақ үкіметтің мақсаты – бюджет кірісін арттырып, Ұлттық қорға тәуелділікті азайту.ЕБРР Орталық Азияның экономикалық көрсеткіштері тұрақты екенін айтады. Өңірдің өсіміне ішкі сұраныс, мемлекеттік инвестициялар және қызмет көрсету саласының дамуы әсер етті. Алайда инфляция жоғары деңгейде қалып отыр.

Жалпы, ЕБРР 2025 жылы Орталық Азия елдеріндегі орташа өсімді 5,5% деп болжайды. Бірақ бұл көрсеткіш жаһандық нарықтардағы тұрақсыздық пен Қытай сұранысына тәуелді.