Әлеуметтік желілерде кеңінен аты тараған Нұрлан имам «көзін тұмшалап, қара жамылатындарға» қатысты өз ойын айтты, — деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Нұрлан имамның айтуынша, қара жамылғандармен күресуді қолға алу керек.
«Біздің бүгінгі таңға, ұлтымызға, санымызға, салтымызға, дәстүрімізге, үрдісімізге қарсы болған қара жамылу, бетіне дейін қара жабу, қара киім киіну, көзінің тілігін ғана қалдырып, қалған жерін қара қылып киіну біздің еліміздің өткеніне де, келешегімізге де сыймаған дәстүр екенін білуіміз керек. Құдайға деген сенім-тақуалығымыз көзіне дейін тұмшалаумен өлшенбейді. Отбасына дұрыс тәрбие беріп, адал жар болып, қолынан келгенше қызметте болып, Отанына адал болу нағыз құдайға берілгендікті білдіреді. Сол үшін біз осыны нәрсемен мемлекетіміз болып, зиялы қауым, жастар болып, қарсы тұруымыз керек. Өйткені бетін жабу не шариғаттың бұйрығы емес, не ата-бабамыздың дәстүрі емес. Ал енді қара киімге келетін болсақ, жалпы біздің салтымызда қара жамылу қайғының, уайымның, мұңның, зардың іспетін білдіреді»,- деді ол.
Қоғам қайраткері, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те соңғы кезде қазақ ұлтының ежелден келе жатқан анау дәстүрі харам дейтін насихатшылардың көбейгенін айтты.
«Осылай нақты айтатын имамдар керек. Және олар ресми түрде Муфтиятқа қатысты имамдар (Нұрлан имам сияқты) тек Әбу Ханифа мазһабын ұстанатындар ғана болуы міндетті. Өз-өзін “ұстаз” деп атайтын, түсініксіз ағымдардың өкілі емес. Соңғы кезде қазақ ұлтының ежелден келе жатқан анау дәстүрі харам, мынау заты сәйкес келмейді, мына киім дұрыс емес деп араңдататын “уағыз” айтатындар көбейді. “Домбыра тартпа, сәлем салма, бетті ашпа, тұсау кеспе” — деп халықты ашуын туғызатын насихатшылар пайда болды.
Қазақ ислам дінінің «Әбу Ханифа» мазһабын, яғни Ханафи бағытының байырғы түркілік салт-дәстүрдің ислам дініне қайшы келмейтін тұстарын сақтап қабылдаған. Мысалы, қазақ даласында адам қайтыс болғаннан кейін дүние-мүлкімен, мінген атымен жерлеу дәстүрі болғанын археологиялық қазбалардан көреміз. Олар исламға қайшы келетін болғасын осы жерде тұрғандар сол баяғы кездерде ол дәстүрден бас тартқан. Демек, қазақтың осы кезге дейін орныққан салт-дәстүрлерінің бәрі дінмен үйлескен, сәйкес келтірілген ұлттық құндылық. Оларды казір ревизия жасап, жоққа шығарудың қажеті жоқ. Бізге Ханафи мәзһабы Ислам құндылықтарын ұлттық салт-дәстүрлермен ұтымды ұштастыра білгені үшін аса маңызды», — деп жазды Мұрат Әбенов.
ПІКІР ЖАЗУ