Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова күйеуі Қайрат Нұртасты сұраған оқырмандарына жауап қатып, халықтан өзін мазаламауды сұрады, — деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Күйеуіңізді уайымдамайсыз ба?», «Қайрат ағамен хабарласып тұрасыз ба?», «Бүкіл ел уайымдаймыз Қайратқа, сіздің қолдауыңыз қажет емес пе?», «Күйеуіңіз қамауда жатса, сіз қайдағыны қиялдап», «Масқара, әкелері жатыр, бұл апам қыдырғанын салып», — деп желі қолданушылары актрисаны сұрақтың астына алған.
Ал Жұлдыз болса бұл жағдай балаларына ауыр тиіп жатқанын айтып, ағынан жарылды.
«Бұдан артық үндемеуге болмады! Ешқашан жеке мәселені инстаграмда талқылаған емес едім. Сіздердің жазғандарыңызды балалар оқып жатыр. Бұл оқиғада менің бар фокусым балаларымда. Қыздар жасөспірім шақта. Ұлдар намысшыл. Ата-анасы өнер адамдары болғаны үшін олар неге қиындық көруі керек? Заң алдында Қазақстанның барлық азаматы бірдей. Ол азаматтығын көрсетті. Қателескенін ескеріп, жауап беруге дайын екенін дәлелдеді. Балаларға түсіндіруге тырыстық. Енді сіздер де доғарыңыздар. Балаларға ауыр тиіп жатыр!» — деп жазды актриса.
Айта кетейік, Қайрат Нұртас ұшақта досымен сөзге келіп қалған еді. Оның арты төбелеске ұласып, сот шешімімен қамауға алынды.
ПІКІР ЖАЗУ