Ақтөбе облысында тасқыннан үйсіз қалған тұрғындар киіз үйде түнеуге мәжбүр, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жаз бойы киіз үйде тұрып келген халық қара суықта далада қаламыз деп алаңдап отыр. Үйлердің құрылысы соңғы аптада күрт тоқтаған.
Қараталда қираған 126 үй қайта салынуы тиіс болатын. Бірақ көбінің мәселесі әлі шешілмеген. Әзірге 38 баспананың ғана қоныс тойы тойланса, қалғаны қаңыраған күйінде қалған дейді ел.
«Әні келеді, міні келеді деген адамдарға сендік. Сабырлы болайық деп өзімізді ұстадық. Ешқандай нәтиже жоқ. Енді біз қалдық. Дірдектеп тоңып отырмыз”, – дейді Қаратал ауылының тұрғыны Гүлмира Көңілқосова.
Түрғындардың барлығының шағымы бір.
«Қазір салқын түсті. Бірақ енде амал жоқ отырмыз. Қайда барамыз? Енді міні балалардың сабаққа баратын уақыты болып қалды. Міні, отырмыз”, – дейді тағы бір тұрғын Мәтжан Самбіғалиев.
Күн жылыда амалдап шыққан халық, күздің қара суығында қайда барарын білмейді.
«Осылай тастап кетті. Майланған жоқ. Төбесінің ваталарын да салған жоқ. Аяқсыз қалып түр. Стяжкасы құйылған жоқ. Мына жер бөлінген жоқ ештеңе. Тұр осылай. Кім істейді? Істейтін адам қайда? Қайда паналаймыз? Қай жаққа барып паналаймыз деп отырмыз?” – дейді Гүлзейнеп Оралбаева.
Жауаптылар шалғай елдімекенге құрылыс материалдарының жеткізілу жағы кешіккенімен түсіндіреді. Қазір жұмылдырылған компанияға шаруаны ширатуға, қыркүйектен қалмай елу пайыз жұмысы біткен үйді аяқтауға дем беруге ден салдық дейді.
«12 мердігер компания құрылыстарды қыркүйек айында аяқтауға уәде беріп отыр. Тұрғындар құрылыстың басы-қасында жүр. Кейбір тұрғындар «Жаса компани» мердігерге қатысты шағымдар айтып жатыр. Бұл компания қазіргі уақытта сегіз үй бойынша 50 пайыз жұмыстарын анықтады. Жұмысшылар қатарын арттырды. Мердігерге уақтылы әрі сапалы жасау тапсырмасы қойылды”, – дейді Ойыл аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Исмагулов.
Осылайша атқарушы билік тоқтап қалған құрылысқа қайта жан бітті деп сендірді. Айта кетейік, қаржыландыру «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры арқылы жүзеге асуда. Қазірге дейін жалпы Ойық ауданындағы 172 үй қаржыландырылып, 63 баспана ел игілігіне берілді.
ПІКІР ЖАЗУ