Мәжілісте екі Құспан бар. Бірі — Абзал Құспан. Екіншісі — Айгүл Құспан. Сол Айгүл Құспан дейтін білдей Мәжіліс депутаты: «Елімізде діни мектептер ашу керек. Және ол мектептерді мемлекет жартылай қаржыландыруы керек», — деп сөйлепті.
Абсурд! Қоғам «мектептегі хиджаб» мәселесімен шақ-шұқ болып жатқанда, депутаттың ойланып, әлде ойланбай жасаған бұл ұсынысы қызыл шоқты қайта үрлегенмен тең.
Қазақстанда мемлекет жартылай қаржыландыратын діни мектептер ашу деген – Заңға және Конституцияға қайшы ұсыныс!
Қазақстанда Білім бураты Заң бар. 68 баптан тұратын Заңда білім беруді ұйымдастыру мен білім алушының құқықтары егжей-тегжейлі жазылған. Заңда мемлекет білім беруді бірнеше категорияға бөліп қарастырады. Мектепке дейінгі, орта, ортадан кейінгі, жоғарғы, жоғарғыдан кейінгі, академиялық, кәсіптік білім беру. Бұл категориялардың ешбірінде діни ұстанымдарына қарай бөлектетіп оқыту, бөлек даярланған білім білім беру бағдарламасын қарастыру көзделмеген. Яғни, білім алушының барлығы тең. Барлығы бірдей біріңғай оқу стандарттарымен оқытылады.
Ол аз болса, Ата Заң бар. Ата Заңның 30-бабы, 4-ші тармағында: «Мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сай келуі керек», — деп жазылған.
Одан басқа бұл ұсыныстың идеологиялық қауіпі һәм қазіргі жаһандық геосаяси ахуалдың факторлары жайлы ұзақ айтуға болады. Қай тұрғысынан алып қарасаңыз да, еш ақылға, еш қисынға сыймайтын ұсыныс! Бұл жұмсартып айту.
Қату айтсақ — Заң шығаруғы апаның ұсынысы — зайырлы Қазақстанды ортағасырлық Ауғанстан мен молдакратиялық Иранға айналдыратын ұсыныс!
Нұргелді Әбдіғани
ПІКІР ЖАЗУ