Қолданыстағы қосымшалардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қаржы шығармай-ақ мемлекеттік қызмет сапасын, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға болады. Бұл туралы «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов «Ашық Үкімет және басқарудың жаңа мәдениеті: есту, түсіну, әрекет ету» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтты, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
Қоғам белсендісі Цифрлық үкімет бағытында өткен сессиядағы баяндамасында нарықтағы қосымшалардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартудың, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың жолдарын ұсынды.
«Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мәселелерді шешу үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлмей, нарықта бар қосымшаларды қолдауды ұсынамын. Яғни қолданыстағы дүниелерді мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу және мемлекеттің тиімділігін арттыру үшін пайдалану керек екенін айттым. Мысалы, 2gis қосымшасында қаншама ақпарат, миллиондаған қолданушы бар және оны бюджеттен қосымша қаржы бөлмей-ақ тиімді пайдалануға болады. 2gis қосымшасын 9 млн адам қолданады, пікірлерін сонда жазады. Бірақ мемлекеттік мекемелер онда жазылған пікірлерге жауап бермейді, ал жекеменшік компаниялар оны тиімді пайдаланып, қызмет көрсету сапасын арттырып отыр. Осы орайда мемлекеттік сатып алудың сапасын бақылау үшін бюджет қаржысына салынған мемлекеттік үйлерге, мектептерге, ауруханаларға қанша ақша бөлінді, жол сапасы қандай, оған қанша ақша бөлінді деген ақпаратты сол қосымша арқылы көрсетуге болады. Осылайша халықтан кері байланыс алуға болады. Қолданыстағы қосымшалардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қаржы шығармай-ақ мемлекеттік қызмет сапасын, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға болады. Мемлекет нарыққа жаңаша көзқараспен қарауы тиіс», – деді Дидар Смағұлов.
ПІКІР ЖАЗУ