Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев 5 мыңнан астам қазақстандықтан жалпы соммасы 30 миллиард теңгені алдап жинап алған топтың алаяқтық схемасын ашып айтты. Бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдаған депутаттық салауында Мұқаев интернет алаяқтық мәселесі өршіп тұрғанын жеткізді.
Мұқаевтың сөзінше, елімізде интернет алаяқтықпен айналысатын адамдардың саны азаяр емес. Былтыр 20 444 дерек тіркеліп, 16,5 млрд теңгеге залал келген. Биыл 15 мыңға жуық дерек тіркеліп, залал сомасы 11 млрд теңгеден асты. Олардың құрбаны көбінесе үйде отырған аналар мен қыз-келіншектер. Интернет алаяқтықтың түр-түрі бар.
“Соңғы уақытта кеңінен етек жайып келе жатқан әлеуметтік желі арқылы «Байер» деген атаумен Қытай, Түркия, АҚШ-тан арнайы арзан тауар жеткізушілер көбейді. Бірі елімізде тіркеліп, заңды жұмыс істесе, енді бірі толығымен халықты алдап жүр”,- деді Мұқаев өз баяндамасында.
Депутат Мұқаев өзі айтқан мәліметтерге мысал келтірді.
“Бұған дейін қаржы пирамидасымен интернет алаяқтықтарға алданғандарды көп еститін едік. Қазір байытамын деген байерлерге барын берген қара халықтың базынасын да жиі естіп жүрміз. Солардың бірі – елде лақап атпен танымал Айс Мұратова. Шын аты – Арайлым. Соңғы 2 жылда ол халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жақсы жағынан жарнамалаған. Оның ішінде Қытайдан арзан тауарлар, ыдыс-аяқ жіберемін деген әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, «қол астымда заңды жұмысшыларым бар» деп елді сендіріп келген”, — дейді Дәулет Мұқаев.
Мұқаевтың айтуынша, халықтың сеніміне кіріп артынша сан соқтырған кәсіпкер төлемдерді ешқандай келісімшартсыз, яғни карталық шотқа аудару арқылы жіберуді сұраған.
“Басында аз-маз ақшаға қажетті тауарларды жіберіп, кейін ірі сомаға жеткенде барлық салымшыны бір күнде алдап кеткен. Содан бері не тауар, не ақша қайтарылмаған. Желідегі ақпарат бойынша еліміздің әр өңіріндегі 5 мыңнан астам азаматтан жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңге жинап алып, барлығын алдап кеткен. Енді сауда жасап, күн көрмекші болған азаматтар арыз жазып шағымдансақ та, бірнеше айдан бері еш нәтиже шықпайды дейді. Алданғандар арасында абысындармен жиналып, үйіне әдемі ыдыс алғысы келгендер де, тіпті ірі кәсіпкерлер ретінде тіркелген саудагерлер де бар”, — деді мәжіліс депутаты.
Депутат интернет-алаяқтық күн өткен сайын ушығып бара жатқанын айтты. Алаяқтардың арбауына түсіп қалған отбасылардың жағдайы ауыр екенін атап өтті.
“Мен әкелген папкада ақша аударылған шоттар және тиісті мәлімет бар. Сенесіздер ме? Мұндай 3 пакет папка бар. Сондағыны санаса, 30 млрд теңгеден асады. Бұл 10 шақты мектеп салатын ақша. Сондықтан жоғарыда айтылған мәселелерді ескеріп, тергеуді әділ жүргізіп, іске қатысы бар барлық адамға тиісті жаза қолдану керек. Себебі, алданған адамдар тергеудің әділетті өтетініне сенбей, жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Сондықтан бұл мәселені өзіңіздің жеке бақылауыңызға алуды сұраймын”, — деді ол.
ПІКІР ЖАЗУ