Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрали Әлиев «Транстелеком» АҚ-ның сатылуына байланысты компанияның директорлар кеңесінің төрағасы өкілеттігін тоқтатты, деп хабарлайды КазТАГ тілшісі.
«10 жылдан астам уақыт «Транстелеком» АҚ-да жұмыс істегеннен кейін акционерлер құрамынан шығу және компанияны сату аясында директорлар кеңесінің төрағасы өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдадым», – деп жазды Әлиев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетсек, 2023 жылғы 31 мамырда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен оның күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың балалары туралы айта келе, клептократтар елден 150 млрд доллар шығарғанын мәлімдеген еді.
Сонымен қатар, ол Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрали Әлиевке қатысты сұрақ қойды.
«Стратегиялық маңызы бар «Транстелеком» компаниясы ұлттық компания «Қазақстан темір жолы» құрамынан Нұрали Әлиевке іс жүзінде тегін берілгенін қалай бағалайсыздар? Ұлттық мүліктің құны 210 млрд теңге, жылдық табысы 80-90 млрд теңге бола тұра, небәрі 18,45 млрд теңгеге сатылған. Менің депутаттық сауалымның мәні мынада: «Транстелеком» 2015 жылы Нұрали Әлиевке 587 млн теңге, 2016 жылы – 940 млн теңге, 2017 жылы – 500 млн теңге көлемінде дивиденд төлеген. Ал 2022 жылы төленген дивиденд көлемі 2,4 млрд теңгені құрады. Енді мұнша заңсыз төленген ақшаны қалай қайтаруға болады?» – деп сұрады сол кезде Бапи.
2023 жылғы 5 шілдеде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Нұрали Әлиевке тиесілі «Транстелеком» бәсекелестермен келісімшарттарды бұзуға шақырғанын, бұл заң бұзушылық болып табылатынын хабарлады.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру