Дамбының жекеменшікке сатылуы тұрғындардың наразылығын туғызды

Алматы облысындағы бір ауылды су басу қаупі алаңдатып отыр. Себебі елдімекенді өзен суының тасуынан қорғайтын дамбы жекеменшікке өтіп кеткен. Әкімдік бұл аумақты кәсіпкерге сатып, ол жеке мақсаттағы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Алты мыңға жуық тұрғын өз үйлерінің қауіпсіздігіне алаңдаулы.

 Тұрғындар дамбыдағы құрылысты тоқтатуды талап етуде

Бұлақты ауылының тұрғындары дамбыны бұзып, жолдарды жарамсыз еткен кәсіпкердің әрекетіне қарсы. Құрылыс жұмыстары кезінде ауыл ішіндегі тас жол бүлініп, жаяу жүргіншілер үшін де қиындық туындаған. Техникалардың салдарынан адамдар балшыққа батып, аялдамаға жету де мұңға айналған.

– Біз осы жолмен аялдамаға барамыз. Оқушылар да мектепке осы жермен қатынайды. Қазір жол лайланып, өту мүмкін болмай қалды, – дейді ауыл тұрғыны Леміс Әбдікәрімов.

Оның айтуынша, құрылыс тоқтамаса, дамбы ертең көктемгі су тасқынына шыдас бермей, ауылға су кіруі мүмкін. Мемлекеттік есепте тұрған стратегиялық нысан аумағына үй салу заңсыз, алайда кәсіпкер барлық құжаты заңды екенін алға тартып отыр.

Әкімдік жердің жекеге сатылғанын мойындады

Ауыл тұрғындары бұл жерді мемлекеттің меншігіне қайтаруды талап етуде. Алайда әкімдік 2018 жылы аумақтың жекеменшікке өткенін айтып, қазіргі басшылықтың бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

– Дамбы ауылдың іргесінде орналасқан. Оның құжаттарына қазіргі әкімнің қолы қойылмаған. Қазір аудандық жер қатынастары бөлімі мен архитектура бөліміне ресми хат жолдадық. Елдің талабын ескеріп, мәселені тексереміз, – деді Райымбек ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Қожахметов.

Тұрғындар әкімдік пен тиісті органдардың мәселені шешуін күтіп отыр.