«Cуретін көрсетіп, қайда екенін сұрайды»: Ақтөбеде полицей қаққан ерлі-зайыптының артында екі ұлы қалды

Фото: ratel.kz

Ақтөбе облысында мас күйінде көлік тізгіндеген 34 жастағы полиция қызметкері ерлі-зайыптыларды қағып өлтірді, деп хабарлайды Ozgeris.Info тілшісі ratel.kz сайтына сілтеме жасап. 

Динара НЕСІПБАЕВА мен Шыңғыс КЕНЖЕБАЕВТЫҢ 3 және 4 жастағы екі ұлы журналистерге әке-шешесінің суретін көрсетіп, олардың қайда екенін сұрайды. Туыстары да балаларға ата-аналарының енді жоқ екенін қалай айтарын білмейді. Балалар суреттерге қараған атасы мен әжесінің неге жылайтынын түсінбейді.

Динара мен Шыңғыс 2019 жылы үйленген, екеуі де вахталық әдіспен жұмыс істеген, жалдамалы пәтерде тұрған және баспанаға ақша жинап жүрген. Кеше олар жерленді.

Жас жұбайларды 23 шілдеде тойдан қайтып келе жатқан мас полицей қағып кеткен. Сол түні Динара мен Шыңғыс атасы мен әжесінің үйінен өз үйіне, Хромтауға қарай велосипедпен жол жиегінде кетіп бара жатқан. Қайғылы оқиға болған сәтте полицейдің көлігінде оның кәмелетке толмаған ұлы болған. Велосипедпен жол жиегімен кетіп бара жатқан Динара мен Шыңғысты қағып кеткен соң ол тоқтамай, қашып кеткен. Жол-көлік оқиғасы болған жерден 100 метр жерде фельдшерлік пункт орналасқан. Динара мен Шыңғыс бірнеше сағат бойы оларды кездейсоқ өтіп бара жатқан адам тапқанға дейін жол жиегінде жатқан. Оқиға орнында әлі күнге дейін велосипедтің шынжыры мен көлік бамперінің сынықтары жатыр. Марқұмдардың қаны аққан жерге туыстары құм шашып тастаған.

 

Динара мен Шыңғыстың жоқ екеніне сенгім келмейді, олардың жасы 25-те еді, өмір сүре берер еді… Олар ешкімге жамандық жасамады, біз бәріміз оларды жақсы көрдік. Біз оларсыз енді қалай өмір сүреміз?, — дейді Шыңғыстың атасы (суретте) Кенжебай ИМАШЕВ.

Марқұмдардың туыстары тергеудің объективті болмай, кінәлі тиісті жазасын алмауы мүмкін деп алаңдайды.

Біз осыған қатты алаңдаймыз, біз қарапайым адамдармыз… Бұл біз үшін үлкен қайғы. Шынғыс ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін, балаларын өте жақсы көретін, енді біз оларды өсіруіміз керек. Балалар үшін әке-шешесінің орны толмайды, қандай жаза болса да. Біз кінәліні кешіре алмаймыз, әйелімізбен күні-түні жылаймыз, біздің қайғымыз ешқашан басылмайды, — дейді Шыңғыстың атасы күрсініп.

Облыстық полиция департаментінде қызметкерді жауапкершіліктен босатпайтынын айтты, қазір ҚР ҚК 345-бабы бойынша «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың көлік құралдарын жүргізу немесе пайдалану ережелерін бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғуы» іс қозғалған. Департаментте оқиғаның полицей жұмыстан тыс кезде және жеке көлігімен болғанын атап өтті. Марқұмдардың туыстары оқиға болған жолдың жиегі түнде жарықтандырылмайтынын айтады. Олардың пікірінше, егер онда жарық болғанда, жолда жатқан жас жұбайларды өтіп бара жатқан көліктер көріп, Динара мен Шыңғысты құтқаруға мүмкіндік болар еді.