«Чика» деп аталған куәгерге байланысты: Шерзаттың әкесін сотта қайтадан жауапқа тартпақ

Айыпталушылардың бірі — Дидар Қалиахметтің адвокаты соттан 16 жастағы марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты қайтадан жауапқа тартуды сұрады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты CMN порталына сілтеп.

Адвокат Баймұханованың айтуынша, Санат Әбдікəдір куəгер ретінде жауап бергеннен кейін әлеуметтік желіде оны «Чика» деп қате атап, оған қарсы шабуылдар басталған.

— Қазір TikTok пен Instagram желілерінде Санат Әбдікəдірдің жауаптары негізінде түсірілген видеолар тарап жатыр. Оны Қаржаубай мырзаның өкілі — Шөкеев мырза жауап алған еді. Сол видеоларда бұл адамды «Чина» деп атап, төбелесті бастаған деп жатыр. Алайда алдыңғы отырыста Қаржаубай мырзаның өзі: «Біз бәріне ренжідік, мүмкін біреулерді бекер кінәлаған шығармыз», — деген еді және бұл жігіттердің сот ісіне қатысы жоқ екенін айтқан. Сондықтан біз Қаржаубайға қосымша сұрақтар қойылуын сұраймыз, — деді Баймұханова.

Сот Қаржаубай Нұрымовты қайтадан жауапқа тартуға шешім қабылдады, бірақ бұл барлық айыпталушылар жауап беріп, қылмыстық іс материалдары зерттелген соң ғана жүзеге асады.

Процесс 6 мамыр күні сағат 10:00-де жалғасады. Алдымен айыпталушылар жауап береді.