«Черчесовпен келісімді тоқтатар едім»: ҚФФ президенттігіне үміткер жоспарларын бөлісті

Фото: ҚФФ

Футболдан Қазақстан футбол федерациясы президенттігіне үміткер Ербол Қайыров ресейлік бапкер Станислав Черчесовпен келісімді бұзып, оның орнына Магомед Адиевті қайтарғысы келетінін айтты. Бұл туралы ozgeris.info тілшісі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

ҚФФ-ның кезектен тыс XXVII сайлау конференциясы 2024 жылдың 20 желтоқсанында өтеді, онда федерацияның жаңа басшысы анықталады.

ҚФФ президенттігіне түсуге үміткерлердің тізімі:

Даумов Алтай Алмасұлы – «Алматы облысының футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан;

Қайыров Ербол Қыдырбекұлы – «Ақмола облыстық футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан;

Лория Давид Григорьевич – «Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан;

Омаров Марат Талғатұлы – «Астана қаласы футбол федерациясы қауымдастығы» ЗТБ атынан.

Ал бұған дейін ҚФФ президенттігіне өтінім берген Мағау Наргис Ерланқызы мен Жамантаев Ерлан Айтпайұлы сайлауға түсуге өз еркімен бас тартты. Қазақстан футбол федерациясы президенттігіне үміткер Ербол Қайыров болашақ жоспарларын ортаға салды.

«Мен Черчесовпен келісімді тоқтатып, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына Магомед Адиевті қайтарар едім. Оның біздің елге оралуға қарсы емес екенін білемін. 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуіне сәйкес, Магомед Адиев нәтижеге қол жеткізе алады деп есептеймін», — деді Ербол Қайыров.

Айта кетейік, Станислав Черчесовтің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының 2024/25 маусымындағы топтық кезеңінде 6 матч өткізді. В лигасында Қазақстан құрамасы 6 матчта 1 ғана ұпай жинап, соңғы орынды иеленді. Осы нәтижесінен кейін ұлттық құрама В дивизионынан шығып қалды.

Ал Магомед Адиев 2022 жылдан 2024 жылдың мамырына дейін футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен Ұлттық құрама Еуро-2024 турниріне іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсетті.