«Cалт-дәстүрімізді қор қылмаңыздар!»: Елшібаева Құран оқып қыз ұзататындарға қарсы шықты

Фото: qazaqconcert.kz

Дәстүрлі әнші, жыршы, термеші Айгүл Елшібаева бұл Құран оқып қыз ұзатып жүргендер туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Әншінің сөзінше, қазір қызды сыңсу айттырып емес, әсіредіншілдер тарапынан Құран оқып ұзату сәнге айнала бастаған.

«Қыз баланы Құран оқып, өлік жөнелткендей ұзатқан не масқара?! Көрген көзде жазық жоқ. Уахаптар, салт-дәстүрге қарсы болсаңдар, Құран оқып ұзатқанша, ұзату тойын жасамай, үйлерінен жібере салсаңдаршы, салт-дәстүрімізді қор қылмай! Қыз ұзату салт-дәстүрімізге жатады. Аялап өсірген қызын жат ұяға беру – қимастығының белгісі», — деп налыды Айгүл Елшібаева.

Сондай-ақ ол «ұлтымыздың тәрбиелі, мағыналы, қыз балаға ақ тілегімен құрмет көрсеткен салт-дәстүрін садақаға айналдырғандарға» жеткізер базынасын әдетінше ауыр эмоциямен «тұздықтап» жіберді.

«Ислам діні, Әбу Ханифа мәзхабын ұстаған қазақ неше ғасыр мұндай сұмдықты көрмеген шығар… Осылардыкі дұрыс па, ағайын?», – деп көпшілікке сауал тастап аяқтады сөзін ашынған әнші.