Елімізде сотталған әйелдерге рақымшылық жасау сұрағы қарастырылып жатыр. Бұл ретте рақымшылық жасалған жағдайда 2000-нан астам сотталған азаматты босату мемлекет бюджетіне жылына 2,1 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік беретіні айтылды. Журналист Гүлнар Бажкенова бұған қатысты пікір білдіріп, дамыған елдерде «рақымшылық» деген мүлде болмайтынын жеткізді.
Айтуынша, сотталған әйелдерді бостандыққа жібере отырып, Үкімет бюджеттің 2,1 миллиард теңгесін үнемдегесі келеді. Бұл бюджет тапшылығын жабу үшін салықты көтеру сұрағы сияқты қисынсыз, ақылға қонымсыз аргумент.
«Бюджеттің тесігін жамау үшін салықты көтеріп, қарапайым халықтың қалтасынан алуға болмайды. Сол сияқты түрмеде отырған әйелдерді тек қана оларды ұстау қымбат болғандықтан босатуға да болмайды. Егер бұлай бола берсе, онда түзеу мекемелерінен мүлдем бас тартайық, өйткені олар ешкімді түземейді», — деді журналист.
Әйелдерге амнистия жасау – үнемдеу құралы емес, мемлекеттің гуманизмінің көрінісі болуы керек. Қазір түрмелерде мыңдаған әйел отыр, олардың көбі күйеулерін, бірге тұратын ер адамдарды немесе көңілдестерін өлтіргені не оларға зиян келтіргені үшін сотталған. Бірі мұны ішімдікке сылқия тойып істеген болса, енді бірі өзін-өзі қорғау барысында жасаған.
«Жақында мен бұрынғы күйеуін пышақтағаны үшін сотталған әйелден сұхбат алдым. Ол ер адам өз қызына зорлық жасамақ болған. Біздің мемлекет азаматтардың өзін-өзі қорғағанын ұнатпайды, олар барлық жағдайда билікке ғана арқа сүйеуі керек деп есептейді. Бірінші кезекте осындай себептермен сотталғандарды бостандыққа шығару керек, балалы әйелдерді де. Балалардың түрмеде өсуі мүлдем ақылға сыймайтын сұмдық жағдай. Бұдан бөлек жемқорлықпен қамалған қаншама есепшілер мен директорлар түрмеде отыр. Жаңалықтардан білуге болады. “Мектеп бухгалтері екі миллиард теңгені жымқырғаны үшін сотталды” деген жаңалықтар жиі шығады… Осыларды аяймыз ба?», — деп пікір білдірді журналист.
Айта кететін жайт, дамыған демократиялық елдерде амнистия деген мүлде болмайды. Өйткені заң ол жақта репрессивті құрал ретінде жұмыс істемейді, адам өз қылмысы үшін жазасын толық өтеуі тиіс. Амнистия – тек авторитарлық және тоталитарлық режимдерге тән саяси құрал.
Оқи отырыңыздар: Сотталған әйелдерге рақымшылық: кімдер босатылуы мүмкін?
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру