«Бұл көп ақша емес»: Астанада әскери парадқа 2,5 млрд теңге жұмсалады

Фото: mk.ru

7 мамырда Астанада Жеңіс күніне орай ұйымдастырылатын әскери парадқа 2,5 млрд теңге жұмсалады.

«Қазақ Елі» монументінің алдында өтетін парадқа 4500 адам қатысады. Шеру үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – жаяу әскерилер шеруі, екіншісі – механикаландырылған шеру, үшінші кезеңде авиация ұшады. Парадтық сап түзеу тарихи және заманауи кезеңдерді бейнелейді. Шеруде алғаш рет ҰОС-ға қатысқан қазақстандық бөлімдердің жауынгерлік тулары көрсетіледі.

«Алғаш рет Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары – бұл 23 дивизия мен бригада. Сондай-ақ әскери-тарихи мұражайда сақталған «Т — 34″ танкіндегі Жеңіс Туының көшірмесі жеткізіледі», — деді қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Виталий Адамович.

Алаңда соңғы жылдары сатып алынған қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілері ұсынылады. Бұдан басқа, ТЖМ, ІІМ және МКҰ күштерінің жаңа техникасы ұсынылады. Сонымен қатар Қазақстанның әскери қызметшілері Мәскеу мен Беларусьтегі әскери парадтарға қатысады. Бұл туралы SputnikKZ-ке Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Мұндай шығындар жанармай мен қосалқы бөлшектерді сатып алуға, іссапар шығындарына, әскердің қозғалысына және әскери киім тігуе жұмсалады екен.

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтың пікірінше, мұндай шараларды өткізу инвестиция тартуға және экспортты арттыруға ықпал етеді, сондықтан бұл үлкен сома емес.

«2-3 млрд теңге – әскери парад өткізу үшін көп ақша емес», — дейді Арман Қасенов.

Ол «Астана» халықаралық форумын мысалға келтіріп, шараға демеушілердің қаражаты тартылатынын алға тартты.

«Біз барлық шығынды демеушілер өтейді деп үміттенеміз. Егер ондай мүмкіндік болмаған жағдайдың өзінде, 1,4-2 млрд теңге – бұл елдің халықаралық аренадағы танымалдығын арттыру, инвесторларды тарту үшін азғантай ғана шығын. Жыл сайын негізгі капиталға салынатын инвестициялар 40 млрд долларды, ал тікелей шетелдік инвестициялар 20 млрд долларды құрайды. Яғни, күн сайын шамамен 50 млн доллар инвестиция тартылады», – деп атап өтті Қасенов.