Алматы маңындағы Іле Алатау жотасында орналасқан шың бұрын “Пионер шыңы” деп аталған. 2007 жылы ол Анатолий Букреевтің құрметіне “Букреев шыңы” деп ауыстырылды. Ол теңіз деңгейінен 3010 метр биіктікте орналасқан. Шыңға шығам дейтін халықтың барлығына қол жетімді. Жол-жөнекей бағдар беріп отыратын тақтайшалар ілінген. Жол біркелкі болып көрінгенімен, қиындығы орташа деңгейлі шыңның тарихы мен құпиясы туралы Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Әйгілі альпинист тағдыры
Анатолий Николаевич Букреев — әлемге әйгілі альпинист, бар өмірін биік тауларды бағындыруға арнаған тұлға. Букреев 1958 жылы Ресейдің Челябі облысында дүниеге келген. Физика мамандығы бойынша жоғары білім алған соң, 1980-жылдары Алматы маңына қоныс аударып, сол уақыттан бері тауға деген қызығушылыға ашылған. Кеңес Одағы ыдырап, 1991 жылы Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Ол Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шаңғы жаттықтырушысы, кейінірек CSKA Алматыда альпинизм нұсқаушысы болып қызмет атқарған.
Букреев әлем бойынша 8000 метрден асатын 14 шыңның 11-ін бағындырған. Олардың жартысынан көбісін қосымша оттегісіз шыққан. 1989–1997 жылдары ол биіктігі 8000 метрден жоғары шыңдарға 18 рет көтерілген. Олардың қатарына K2 (1993), Эверест (1995, 1996), Лхоцзе, Манаслу, Дхаулагири, Макалу, Шишапангма, Чо Ойю, Броуд-Пик, Гашербрум II және Аннапурна шыңдары кіреді.
1996 жылы Эвересттегі трагедия кезінде Букреев үш альпинисті құтқарып, АҚШ-тың American Alpine Club ұйымынан David A. Sowles медалімен марапатталды.
Ресми ақпаратқа сәйкес Букреев 1997 жылғы 25 желтоқсанда қар көшкінінде қаза болған. Букреевпен Тянь-Шаньға бірге көтерілген Райнхольд Месснер Анатолийге әлемнің ең биік, аса қиын шыңдарына әлі ешкім өтіп көрмеген бағытпен жүріп көруді ұсынады. Олар Аннапурну шыңына альпілік тәсілмен Оңтүстік қабырға бойынша көтерілуді жоспарлайды. Бұл Гималай тауларына көтерілу тарихындағы ең айтулы оқиға болар еді. 2 желтоқсанда альпинистер негізгі лагерьге келеді. Тау бөктеріне үш аптадан кем уақытта 4 метрге жуық қар жауыпты, ал бұл сең көшу қауіп туғызатын. 25 желтоқсанда түсте Аннапурна жотасынан қар жиегі құлап, қатты қар көшкінін тудырады. 16 сағат өткеннен кейін Моро Непал деревнясына келіп, апат туралы хабарлайды. Үш тәуліктен соң Моро тікұшақпен келіп, Букреевтің шамамен қаза тапқан жерін тағы да айнала ұшады, бірақ аман қалғандардың ізі көрінбейді. Үш айдың ішінде екі құтқару операциясы жасалғанымен, олар еш нәтиже бермейді.
Чемпионат порталының мәліметіне сәйкес, 1995 жылдың жаз мезгілінде Анатолий Букреев Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке гид рөлін атқарды және оған Абай шыңын (4000 метрден астам) бағындыруға көмектескен.

Анатолий Букреев ешқашан үйленбеген, бірақ 1994 жылы Непалда танысқан Линда Уайлимен жақын қарым-қатынаста болған деп жазды Қазақстан тарихы порталы.
1998 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Анатолий Букреев қаза болғаннан кейін «Ерлігі үшін» марапатына ұсынылды. Ал Аннапурнадағы базалық лагерьде мемориалдық ескерткіш қойылып, оған Букреевтің күнделігіндегі мына сөздер қашалық жазылған:
«Тау – менің өз амбициямды қанағаттандыратын стадион емес, олар – менің дініме құлшылық ететін ғибадатхана».
Анатолий Букреев өзін әлем азаматы деп атайтын. Онысы дұрыс та шығар: Оралда туып, Қазақстанда тұрды, Америкада жаттықты, бірақ көп уақытын Непал тауларында өткізген. Сондықтан болар Алматыда оның құрметіне 2007 жылы Пионер шыңы «Букреев» болып өзгертілді. Ал Медеу мұз айдыны маңында ескерткіші орнатылды. Бұл ескерткіш мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиевтің шығармашылық жұмысы, ал идея авторы – Нұрлан Смағұлов қоры. Ескерткіш тұғырында Букреевтің әйгілі сөзі ойылып жазылған:
«Тауды бағындыру мүмкін емес, тек бір сәтке оның биіктігімен теңесе аласың».
Букреев — тек альпинист қана емес, сонымен қатар адамгершілік пен ерліктің символы. Оның өмірі мен ерліктері көптеген адамдарға шабыт беріп, тауларға деген сүйіспеншілікті оята білді. Бүгінде «Букреев» шыңына барушылардың қатары көп. Туристер мен жергілікті халық жаз айларында тауға шыққанды сүйікті істеріне айналдырған.
Букреев шыңы (3010 м.)
Шыңға шығудың ең оңтайлы тәсілі — Бутаков шатқалы. Бутаков шатқалына кіру қазір ақылы, адам басына – 589 теңге, автокөлікпен кіру – 1179 теңге. Дәл осы жерден сіздің саяхатыңыз басталады. Маршруттың басым бөлігі шыршалы орман арасындағы соқпақпен өтеді. Жол бойында таза ауыз су тек басында ғана кездеседі – Лесной асуына бұрылатын тұстағы өзеннен су алып алған жөн. Одан кейін су көздері кездеспейді. Алдымен Бутаков және Қтырбұлақ (Горный Садовод) шатқалдарын жалғайтын Лесной асуына көтерілеміз. Одан кейін жол орманды жота бойымен жалғасады. Мұнда кейде шыршалардың бұтақтары киімге ілініп, қозғалысты қиындатуы мүмкін.
Осы әдемі орман арасындағы соқпақпен жүріп отырып, бірте-бірте кең алаңқайға (платоға) шығамыз. Бұл жерден шыңның өзі көріне бастайды. Алаңқайдан кейін «Үміт мүйісі» деп аталатын әдемі атауы бар жартасқа жетеміз. Оны айналып өткен соң, Букреев шыңына соңғы биік көтерілу жолы басталады. Жота бойымен жүріп отырып, шың басына жетеміз. Бұл халық арасында ең танымал «классикалық» маршрут.
Тауға шығу үшін ең алдымен түзу ниет керек. Егер сіз енді бастап жүрген болсаңыз, тіпті тәжірибелі альпинист болсаңыз да толық жабдықсыз шығуға болмайды. Тауға оп-оңай барып келемін деп ойлау- қате. Немқұрайлы қарым-қатынастың салдары қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін.
Тауға шықпас бұрын физикалық және психологиялық тұрғыдан дайындалу керек. Бірінші рет шығатын болсаңыз, міндетті түрде қажетті заттардың тізімін жасап, сөмке әзірлеңіз. Күнге күйіп кетпес үшін крем, бас киім, жеңі ұзын кофта, ауа өткізетін шалбар, кішігірім рюкзак, ішетін су және жүрек жалғайтын тамақ алу маңызды. Одан да маңыздысы – аяқ киім. Тауға арналған бүдір табанды кроссовкалар сатып алыңыз. Алматыда спорт дүкендері жетерлік, кез келгенінен таба аласыз. Жалғыз шығу қорқынышты әрі қауіпті. Алғашқы қадамыңызды тауға жиі шығып жүрген маманмен бірге жасаңыз, немесе достарыңызды алыңыз. Қолайлы ауа-райы болған күні таңертең ерте тұрып, сағат таңғы 4-5 арасында шықсаңыз дұрыс. Көктем айларында тауға шықпаған жөн, көктемнің алғашы айларында қар көшу қаупі жоғары болса, мамыр айында кенелер пайда болады. Сондықтан тауға жаздың үш айында және қыркүйекте шығу өте қолайлы.
«Екінші рет шығуым. Бұл мен сияқты енді тәжірибе жинап жүрген адам үшін оңай болған жоқ. Бар жоғы 20 км бағындырдым. Көтерілу өте қиын болды. Аяғым шаршап, жүргісі келмеді. Бірақ біз жарысып жүрген жоқпыз, сондықтан қатты жүк артпай, ақырын, демалып жүрдік. Шыңға дейін күн ыстық болды, ал дәл сол шыңда желдің суығы соншалықты, миыңнан өтіп кетердей болды. Шықтық, тамақтандық. Суретке түсіп, демалып, әрі қарай тағы екі орынға жол тарттық. Көрген әдемілік, биік шыңда отырып, Жаратушыға рақметімді айттым. Арманымды іштей тілеп, жақын арада орындалатынына сендім».
Букреев шыңына альпинист қайтыс болғаннан кейін екі ескерткіш тақта орнатылды. Біреуіне Букреев есімі, екіншісіне дұға жазылған. Жоғарғы жағына марқұмды еске алу мақсатында соғылатын қоңырау орнатылған. Көтерілген әр бір адам әйгілі альпинистің рухына тағзым етуді дәстүрге айналдырған.
Тау – адамның көңіліне медеу сыйлайтын, энергиясын көтеретін, барлық жаман ойлардан емдейтін құдіретті орын. Егер бір шықсаңыз, бұдан былай тауға ғашық болып, тау өзіне тартып тұрады. Алайда, есте ұстаңыз: тау қателіктерді кешірмейді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру