Сарапшылардың пікірінше, BRT жылдам автобус желісі Алматыға тек экономикалық және экологиялық шығын әкеледі.
Алматыда BRT құрылысының екінші кезеңі басталады. Райымбек даңғылындағы жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті мәжбүрлі түрде тартып алу процесі басталып кетті. Барлығы 154 жер телімі алынбақ. Бұл жылдам автобус көлігі (BRT) желісін салу, сондай-ақ жаяу жүргіншілер аймақтарын, көпірлер мен велосипед жолдарын салу үшін қажет дейді әкімдік. Бұл процесс 2028 жылға дейін жалғасады.
2025 жылғы 19 ақпанда Алматы әкімі Ерболат Досаев қол қойған №1/1-320 қаулысына сәйкес, бес ауданның жер телімдері алынбақ:
- Наурызбай ауданы
- Алатау ауданы
- Әуезов ауданы
- Медеу ауданы
- Жетісу ауданы
Жылжымайтын мүлік иелеріне өтемақы төленеді. Жерлерді алу процесін 2028 жылғы 31 желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Оның орындалуын бақылау Алматы әкімінің орынбасарына жүктелген.

BRT құрылысының екінші кезеңінде Архимед көшесінен Алтын Орда көшесіне дейін және Жетісу көшесінен Пушкин көшесіне дейінгі учаскелер мәжбүрлі түрде алынбақ. Бұр ретте Ozgeris.info тілшісі көптеген сынға ұшыраған өңір басшысының идеясы қаншалықты дұрыс деген сұраққа жауап іздеп көрді. Ол үшін алғашқылардың бірі болып зардап шеккен Тимирязов көшесінің тұрғындары тәжірибесін талқылайық.
Тимирязев көшесіндегі BRT стандартқа сай ма?
BRT (Bus Rapid Transit) – метро мен трамвайға ұқсас жылдам автобус жүйесі. Қазір Тимирязев көшесінде BRT желісі жұмыс істеп тұр. Алматы әкімінің баспасөз қызметі құрылыс-монтаж жұмыстарына 4.2 млрд теңге немесе шамамен 12 млн доллар жұмсалғанын атап өткен.
Жеті жыл бұрын іске қосылған BRT (Bus Rapid Transit) жолағы көлік жүргізушілерімен қатар, жылдам автобус желісі өтетін көшелер мен оған жақын маңда тұратын тұрғындардың өмірін едәуір қиындатты. Қала билігі қоғамдық көлікке арналған жолақтарды тар көшелерде орналастыруға тыйым салатын стандарттарды бұзып, BRT жобасын іске асырды. Нәтижесінде автобустар мен троллейбустардың жүрісі жеңілдеп, қарапайым көлік жүргізушілері үшін қиындықтар туындады.
BRT жолағында солға бұрылуға тыйым салынғандықтан, әсіресе қаланың жоғарғы бөлігінде тұратын жүргізушілер күн сайын үйіне жету үшін сағаттап кептелісте тұруға мәжбүр. Әкімдік өкілдері BRT жолағы бар көшелерде кептелісте тұрған көп машинадан шыққан улы газ бен шу сол маңдағы тұрғындарға зиян екенін де естен шығарған секілді. Оның үстіне мұндай көшелерде аялдауға да, көлікті тұраққа қоюға да мүмкіндік жоқ.
Алматыдағы BRT жолағы Тимирязев, Мұстафин, Рысқұлбеков және Сүлейменов секілді тар көшелерге салынған. Алда Желтоқсан көшесінің бойымен Төле биге дейін, Төле бидің бойымен Шығыс айналма жолға дейін осындай желіні іске қоспақ. Желтоқсан мен Шығыс айналма кең, бірақ Төле би көшесінің әр бағыты екі жолақты ғана. Мұнда BRT түссе, қаланың жоғарғы бөлігінде күн сайын болатын кептеліс мегаполистің басқа аудандарында да күшейетіні анық.
Kolesa.kz Алматыдағы BRT-ны дамыған елдердегі автобус жолағымен салыстырып, жобаның кемшілігін бірнеше мәрте көрсетіп берген. Алайда басшылық ешқандай шара қабылдамаған.
Қалалық мобильділік басқармасы BRT құрылысы стандартты бұзбағанын алға тартып отыр, өйткені оны бірнеше ведомство мақұлдап, тәжірибе ретінде салған дейді. Сондай-ақ олар BRT бар көшелерде қоғамдық көлік жылдам қатынап, жолаушылар тасымалы артқанын айтады. Мұнымен келісуге болады. Бірақ олар күн сайын автобус жолағының жанында жеңіл көліктердің ұзын сонар кептелісте тұратынына назар аудармайды.
Осы жылдар бойы тұрғындар BRT жүйесін алып тастауды немесе қайта қарауды талап етіп, шенеуніктерге сан рет жүгінген. 2022 жылы халықтың үміті ақыры ақталады-ау деген сенім пайда болды. Ерболат Досаев BRT жолақтарында, әсіресе Тимирязев көшесінде, жағдай күрделі екенін мойындап, оларды жетілдіру жолдарын қарастыруға уәде берген. Ұсынылған нұсқалардың бірі – BRT жолын көшенің ортасынан оң жақ шетіне, яғни жиекке көшіру еді.
Алайда 2023 жылдың көктемінде қала әкімдігі бұл мәселені қарастыру үшін жұмыс тобын құрғанымен, ақыр соңында ешқандай өзгеріс енгізбеу туралы шешім қабылдады.
«Қалалық мобильділік басқармасының (ҚМБ) мәліметінше, Тимирязев көшесіндегі BRT желісінің жол-көлік инфрақұрылымы мемлекеттік сараптамадан өткен жоба-сметалық құжаттамаға сәйкес қайта жөнделген. Жоба 2022 жылдың мамырында пайдалануға берілді. Бұған дейін ҚМБ BRT жолағының орналасу тиімділігін талқылап, оны көшенің оң жақ шетіне көшіру мүмкіндігін қарастырған. Алайда бұл ұсынысқа 100-ден астам қоғамдық көлік жолаушылары мен жүргізушілер өз наразылығын білдірген. Олардың барлық өтініштері қаралып, ескерілген соң, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында Тимирязев көшесін қайта жөндеу орынсыз деп танылды», — делінген әкімдіктің берген жауабында.
Оның үстіне, 2040 жылға дейінгі Алматының Бас жоспарында қоғамдық көлікке арналған жылдам жолақтар желісін кеңейту қарастырылған. Шенеуніктер дәл осындай BRT желісін көлік қозғалысы аса тығыз Райымбек даңғылына салуды жоспарлап отыр. Бұл даңғылдың кейбір бөліктері өте тар болғандықтан, BRT жүйесі қаланың төменгі бөлігіндегі көлік қозғалысын одан әрі қиындатуы мүмкін.
«Қазіргі уақытта “Алматыгенжоспар” ғылыми-зерттеу институтында түрлі сала мамандарын тарта отырып, жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Райымбек даңғылының кейбір тар учаскелерінде автокөлік қозғалысына келетін ықтимал қолайсыздықтар ескеріліп, жобалаушылар BRT желісінің жалпы көлік ағыны мен магистральдық инфрақұрылымға тигізетін кері әсерін барынша азайтуды жоспарлап отыр», – деп хабарлаған әкімдік.
Алайда бұл «кері әсерді азайту» қалай жүзеге асатыны нақты белгісіз. Кептелісті азайту үшін даңғылды кеңейту қажет болатыны анық, ал Сейфуллин даңғылындағы көпірді қайта жөндеу де күн тәртібінде тұр.
Бірақ қала билігі бұл жұмыстарға қаржыны қайдан алады? Әлде Тимирязев көшесіндегі жағдай қайталанып, шенеуніктер бұрынғы әдісіне қайта орала ма? Бұл сұрақтың жауабы әзірге белгісіз.
Бүгінгі күннің жоспары
BRT (БРТ) дәлізінің инфрақұрылымын салу жұмыстары ақыры басталып кетті. Алғашқы учаске Райымбек даңғылы бойында, Пушкин көшесі мен Сейфуллин даңғылының арасында орналасқан.
Райымбек даңғылы бойындағы «Мерей» сауда орталығына жақындағанда, кірпіш түстес темір құрылымды байқауға болады. Оның пішіні Астанадағы LRT тіректеріне ұқсайды.

Құрылыс жұмыстары Райымбек даңғылы мен Сүйінбай даңғылының қиылысына жақын жерде де жүргізілуде. Бұл нысан жаңа BRT (Bus Rapid Transit – жылдам автобус тасымалы) жобасының бір бөлігі болып табылады. Жоба Райымбек даңғылының бойында Пушкин көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі аумақты қамтиды.
Жоспарға сәйкес, BRT жүйесі автобустарға арналған арнайы жолақтарды, аялдама кешендерін, веложолақтарды және жаяу жүргіншілер аймақтарын қамтиды.
Жаңа BRT жобасы екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең – 2025 жылы Райымбек даңғылының орталық бөлігінде өтеді. Екінші кезең 2025-2026 жылдары жүргізіліп, батыс бөлікті – Ахрименко көшесінен бастап «Барлық» базарына дейінгі аумақты қамтиды. Алғашқы BRT бағытын 2025 жылы іске қосу жоспарланған.
Шаһар басшысы екі BRT желісі тұрғындар үшін қолайсыздықтың азаятынына сендіріп отыр.
«Желтоқсан көшесі бойынша 4,6 шақырым және Райымбек даңғылы бойынша 17,2 шақырым болады. Үдерістерді оңтайландыру үшін Райымбек даңғылы бойынша жоба екі кезеңге бөлінді. Біз бірінші кезең жұмыстарына күзде кірісе алатын едік, бірақ сарапшылар қауымдастығымен талқылаулардан кейін және қала тұрғындарына қолайсыздықты азайту мақсатында екі кезең бойынша жұмыстарды бірден бастау туралы шешім қабылданды», – деді қала әкімі.
Маршрут бойынша сыйымдылығы жоғары 18 метрлік автобустар жүреді. Негізі бұл жұмыстар 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған еді, бірақ жұмыстар әдеттегідей кешіктірілді. Биыл әкімдік жаңа желіні іске қосып қана қоймай, оған іргелес аумақты кешенді түрде абаттандыруға уәде беріп отыр.
Астана кейсінен сабақ алу керек
Астанада да BRT салу жоспары болған. Шетелдік лоббистер мен несие берушілер бұл жобаны елордада да жүзеге асыруға тырысты. 2014 жылы құрылыс жұмыстары басталып, ағаштарды кесу жүргізілді. Алайда, көп ұзамай BRT құрылысы тоқтатылды. Себебі:
- Экологияға орны толмас зиян келтірілді,
- Бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалды,
- Бұл жоба елорданың көлік жүйесіне ешқандай оң әсерін тигізбейтін болды.
Нәтижесінде құрылыс компанияларымен жасалған барлық келісімшарттар бұзылып, BRT жобасы ресми түрде тоқтатылды. БАҚ-тың хабарлауынша, бұл шешім жоғары деңгейде қабылданған. Ақырында қалада көшелерді кеңейтпей-ақ, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтарды енгізу шешімі қабылданды.
Айта кету керек, АҚШ пен Еуропа қалаларында дәл осындай қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар бар, бірақ BRT жүйесін салу тіпті жоспарларында жоқ.
BRT құрылысы – бюджет қаржысын тиімсіз пайдалану деген пікірлерді қоғам белсенділері жиі айта бастады. Журналист Михаил Козачков өңір басшысының жоспарларын мардымсыз деп, сынға алған еді.
«Жарамасы жер жарған BRT жобасы өте сәтсіз шешім болды. Автобустар бұрынғыдай кептелістен шыға алмайжүр. Ал метро туралы тіпті айтудың қажеті жоқ. Өңірге көбірек арнайы жолақтар керек, метро станцияларын ұзарту керек. Сондай-ақ такси жүргізушілеріне автобус жолағымен жүруге рұқсат беру керек. Ол қашан іске асады? Астанада бұл тәжірибе қолданыста. Әлемнің көптеген елдерінде де рұқсат етілген. Тек Алматыда жоқ. Рұқсат етілсе, қала тұрғындары жеке көліктерінен бас тартып, таксимен жүруге ауысады. Себебі кептелісте тұрмайды», — деді ол.
Мемлекет басшысы бюджет қаражатын үнемдеу және тиімді пайдалану қажеттігін биыл да баса атап өтті. Алайда, Алматы басшылығының күмәнді жобаларға миллиардтаған қаражат жұмсау қалыпты жағдайға айналғандай.
BRT дамыған елдерде жоқ
BRT әлемнің санаулы елдерінде ғана бар: Үндістан, Колумбия, Түркия, Қытай, Тайланд. Қытай мен Үндістандағы BRT жүйесінің құрылысын ірі мегаполистегі халық санының көптігімен түсіндіруге болады. Ал АҚШ пен Еуропа қалаларында BRT жоқ және оны салу жоспарда да жоқ. Себебі, BRT жүйесі тиімсіз.
АҚШ пен Еуропада метро мен трамвай, сондай-ақ қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтарды кеңейтумен мәселені шешіп отыр. Мұндай жолақтар біздің Алматы мен Астананың кейбір көшелерінде де бар. Сондықтан сарапшылардың пікірінше, Алматыға BRT қажет емес.
Айта кетейік, Бангкокта BRT тиімсіз деп танылып, жыл сайын қала бюджетіне 200 миллион бат шығын әкелетіні анықталған. Сол себепті, бұл жүйені жабу мәселесі де көтерілген. Әзірге тек жолақы бағасын көтерумен шектеліп отыр, бұл жағдай жақын арада Алматыда да қайталануы мүмкін. Себебі, BRT құрылысы қала мәселесін одан әрі ушықтырып қана қоймай, шығынды да көбейтеді.
BRT Алматыға керек емес – сарапшы
BRT жүйесі бар қалаларда көшелер өте кең, 10 автожолақ + 2 BRT + жаяу жүргіншілер жолы бар. Ал Алматы көшелері өте тар. 4 жолақты көше бойында ғимараттар тығыз орналасқан. Мұндай жағдайда BRT салу қисынсыз, себебі:
- Көшелер тарылып, көлік кептелісі артады
- Көптеген ағаштар мен жасыл желектер кесіліп, экологияға зиян келеді
- Қала келбеті бұзылады, BRT аялдамалары қаланы тартымсыз әрі ыңғайсыз етеді
- Туристер үшін Алматының тартымдылығы төмендейді
BRT жүйесі Алматыға тек экономикалық және экологиялық шығын әкеледі. Сондықтан, дамыған елдердегідей қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтарды пайдаланған жөн.
ПІКІР ЖАЗУ