Бразилия Ақтауда құлаған ұшақтың қара жәшік деректерін Қазақстанға жіберді

Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі ұшақтың қара жәшіктері Бразилияда талдаудан өтіп, нәтижелері Қазақстанға жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy бразилиялық G1 басылымына сілтеме жасап.

«Бразилия Әуе күштерінің Авиациялық оқиғаларды зерттеу орталығының сарапшылары қара жәшіктердегі деректерді толық зерттеуді аяқтады. O Globo басылымының мәліметінше, зерттеу нәтижелері қазақстандық тарапқа тапсырылған», — деп жазылған материалда.

Қара жәшіктерді талдау ұшақ апатының нақты себептерін анықтау үшін өте маңызды. Жәшіктердегі деректер пилоттардың әңгімелерін, әуе кемесінің техникалық жағдайын және апат алдындағы оқиғаларды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, апатқа ұшыраған Embraer-190 ұшағының қара жәшіктері өткен жылдың желтоқсан айының соңында Бразилияға сараптама жасау үшін жеткізілген болатын. Бұл ұшақ Бразилияда шығарылғандықтан, талдауды сол елдің сарапшылары жүргізді.