Қазақстанның Батыс өңірінде табылған ұшқышсыз ұшу аппараттарының пайда болуына Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс ықпал етуі мүмкін, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі «За нами уже выехали» Telegram арнасына сілтеме жасап.
Министрлік қазіргі халықаралық жағдайды ескере отырып, БПЛА-лардың Қазақстан аумағында пайда болуын Ресей-Украина қақтығысымен байланыстырып отыр. Мұндай жағдайлар бұған дейін Румыния, Молдова, Беларусь, Болгария, Польша мен Хорватияда да тіркелген. Сонымен қатар, аппараттардың ұшу бағытына техникалық араласу болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылып жатыр.
Министрліктің мәліметінше, ұшқышсыз ұшу аппараттарының қалдықтары табылған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 464-бабының 1-бөлігі – «Ұшу немесе оған дайындалу ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық істер бір өндіріске біріктірілген. Тергеуді ҚР ІІМ-нің Әскери-тергеу департаменті мен Қорғаныс министрлігінің мамандары жүргізіп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалған, тергеу әрекеттері жалғасуда. Істі Бас прокуратура бақылауға алған.
Қорғаныс ведомствосы БПЛА-лардың, әдетте, барлау жүргізу не артиллериялық соққыны түзету мақсатында қолданылатынын, алайда олардың құлауы салдарынан зардап шеккендер мен материалдық шығын болмағанын мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қорғаныс министрлігі ел аумағының әуе кеңістігіне рұқсатсыз ену жағдайларының алдын алу үшін қосымша шаралар қабылдап жатқанын хабарлады.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында төрт оқиға тіркелген болатын. Екі жағдайда – дрондардың өзі табылса, қалған екі оқиғада – бір немесе бірнеше БПЛА-ның бөлшектері анықталған.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру