Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақмола облысының тұрғын үйсіз қалған тұрғындарын тамыз айының ортасына дейін қоныстандыруды тапсырды, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ақмола облысында барлығы 1817 үйді су басты, оның 359-ы апатты деп танылды, қалған үйлер жөнделуге жатады. Өңірде үйлерді жөндеу мен салуға 10,5 млрд теңге қажет. Оның 6 млрд теңгесін демеушілер мен бизнес бөледі.
«Таяу күндері бізге шамамен 4 млрд теңге табу керек. Әкімдік алдына міндет қойылды: 15 тамызға дейін Ақмола облысының су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғындары жөнделген және жаңадан салынған немесе сатып алынған үйлерге баруы тиіс «, — деді Қанат Бозымбаев.
Су басу аймағынан қоныс аударушылар үшін Атбасар ауданының Атбасар қаласында 45 пәтерлі екі тұрғын үй салу жоспарлануда. Сондай-ақ Бұланды және Жарқайың аудандарында 87 жеке үй салынады.
«Дайын пәтерлер мен үйлерді төтенше жағдай жарияланған өңірлерде сатып аламыз: Көкшетауда — 89, Жарқайың ауданында — 27, Есіл ауданында — 22, Астрахан ауданында — 34 және Жақсы ауданында — 10 үй», — деп хабарлады Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Жергілікті билік облыстың жол және инженерлік инфрақұрылымын қайта құруға тиіс. Бұл мақсатқа қаражат үкімет резервінен бөлінеді. Автожолдарды, көпірлер мен электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары осы жылдың шілде айында аяқталуы тиіс.
ПІКІР ЖАЗУ