«Боянады, білгенін істейді»: Әнші Тұрар болашақ әйелі туралы айтты

Әнші Тұрар болашақ келіншегі мен туыстары арасындағы қарым-қатынас және отбасылық құндылықтарға қатысты ұстанымын жасырмады, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

Бұл туралы ол YouTube-тағы «Сыр» жобасына берген сұхбаты барысында айтты.

Жас әншінің пайымдауынша, жігіт отбасы құрғанда, алдымен өз әйеліне қамқор болып, туыстарының оның жеке өміріне араласуына жол бермеуі керек.

«Мен үйдегілерге айтып қойғанмын: «Менің әйеліме ештеңе демейсіңдер. Ол жатады, боянады, не істейді, өзі біледі» деп айтқанмын. Сондықтан менің әйелім аяғын көтеріп қойып жатады.

Біріншіден, ол менің әйелім. Ол – келін емес, алдымен менің жұбайым. Егер сен әпкелеріңнің, әке-шешеңнің айтқанымен жүретін болсаң, үйленбе. Көлік алғанда әкеңмен, куртка алғанда анаңмен ақылдасып жүрсең, үйленбе. Ананың, әпкенің араласуы содан болады. Ал сен дайын болып үйлендің бе, туыстарың сенің құрған отбасыңа мүлдем араласпауы керек қой», – деді Тұрар.