Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде баласына квадроцикл жүргізткен ата-анаға 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты HALYQSTAN порталына сілтеп.
Патриоттық сипаттағы бейнежазбада Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылының 10 жастағы тұрғыны ересектерге көмектесіп, құм салынған қаптарды квадроциклмен тасып жүргені көрсетілген. Бейнеролик әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, тұрғындар арасында түрлі пікір туғызды.
Кейбіреулер баланың белсенділігіне сүйсінсе, енді бірі ата-анасының жауапкершілігін сынға алды. Өйткені видео түсірілген уақытта өңірде су тасқынының үшінші толқыны шарықтау шегіне жетіп, бөгет маңы қауіпті аймаққа айналған болатын.
Алайда көп ұзамай бұл жайтқа құқық қорғау органдары да назар аударды.
— 26 сәуір күні Тепличное ауылында бөгетті бекіту жұмыстары кезінде ауданның 34 жастағы тұрғыны 10 жастағы ұлына квадроцикл тізгінін берген. Бұл фактіге байланысты ҚР ӘҚБтК 612-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді СҚО ПД баспасөз қызметі.
Нәтижесінде ата-анаға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 200 мың теңге) айыппұл салынды.
— Әсіресе төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды. Балалардың өмірі мен барлық қатысушылардың қауіпсіздігі басты назарда, — деп қосты полиция өкілдері.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру