«Біздің халық бай»: Пирамида құрып, халықтың ақшасына шетел аралаған алаяқтардың ісі әшкере болды

Фото: fingramota.kz

«Автолюкс» инвестициялық пирамидасы туралы естуіңіз бар ма еді? Павлодар облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі осы факті бойынша іс тіркеді, деп хабарлайды ҚМА баспасөз агенттігі.

Бар болғаны 3 ай жұмыс істеген қаржы пирамидасы Павлодар, Алматы, Ақтөбе секілді басқа да облыстарға тарап үлгерген екен.

Қалай жұмыс істеді деп ойлайсыз?

Пирамида құрғандар интернет-дүкен платформасын дайындаған. Сөйтіп, тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алу үшін клиенттеріне ақша салып қоюды ұсынған және әр 10 күн сайын 5%-дан 15%-ға дейін үстіне процент төлеуге уәде берген.

Негізінде тауар сатып алынбайды. Бірақ салымшылар жоқ тауарға ақша төлей береді. Осы схеманы іске асырғандар көптің ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып, ойын-сауыққа жұмсайды, шетел аралап, БАӘ, Таиланд секілді мемлекеттерде демалады.

Пирамидаға 150-ден астам адамды тартып үлгерген. Оған иланған жұрт 100 млн теңгеден астам қаражатты салып жіберген. Осы соманы пирамидаға тартылған адамдардың басына шағып көрсек, орта есеппен әрқайсысы кемінде 700 мыңдай теңгеден берген боп шығады.

Тағы бір қызығын айтсақ, ұсталған күдіктілер пирамидадан түскен ақшаға Mercedes Benz пен Toyota Camry сатып алған көрінеді. Әрине, ол мүліктің бәрі соттың санкциясымен тәркіленді.

Сот күдіктіге қатысты «үйқамақ» түрінде бұлтартпау шарасын таңдады.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Еске салайық, 2024 жылы Агенттік салымшыларға 20 миллиард теңгеден астам залал келтірген 42 қаржы пирамиданы жойды. 78 адам сотталып, 13 миллиард теңгеден астам залал өтелді, 287 миллион теңге мөлшерінде мүлік тәркіленді.

Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы.