Депутат Азат Перуашевтің мәліметінше, шетелдік платформалар 200 еуроға дейінгі тауарды кедендік төлемнен босататын ережені пайдаланып, ҚҚС мүлде төлемейді. Осылайша, 2023 жылы шетелдік маркетплейстер Қазақстанға 505 млрд теңгеге тауар жеткізіп, бюджетке бар-жоғы 24 млрд теңге төлеген. Бұл айналымның 4,8%-ын ғана құрайды. Яғни, олар толықтай кедендік баж төлемдерінен босатылған, одан бөлек жалпыға бірдей міндеттелген қосымша құн салығын төлемейді. Салдарынан бюджетке қосатын үлесі көк тиын, кесірін отандық бизнес тартып отыр.
«Біз бұл жағдайды сауда саласындағы үлкен әділетсіздік және оқылық деп санаймыз. Электрондық коммерция көлемі әр екі жыл сайын өсіп келеді. Демек, биылдың өзінде шетелдік маркетплейстерден бюджетке түспей қалған қаражат 250 млрд теңгеден асады. Бұл отандық кәсіпорындарды ығыстыру және жұмыс орындарын жабу салдарынан туындап отыр», — делінген депутаттық сауал хатында.
Біріншіден, Қазақстан нарығында жұмыс істегісі келетін шетелдік маркетплейстерді біздің салық органдарына міндетті түрде тіркеуді талап ету керек.
Екіншіден, Үндістан тәжірибесі бойынша шетелдік маркетплейстер үшін қазақстандық платформалармен және өндірушілермен ынтымақтастық орнату міндетін қарастыру.
Үшіншіден, олар еліміздегі тұтынушылардан түскен кірістеріне НДС және басқа да төлемдерді рәсімдеуі тиіс.
Төртіншіден, шетелдік сауда платформалары арқылы жүзеге асырылатын бажсыз сауданың шекті мөлшерін төмендету немесе мүлдем алып тастау мәселесін қарастыру.
Бесіншіден, отандық электронды сауданы қолдау шараларын кеңейтіп, халықаралық төлем жүйелерімен бірлесіп жұмыс істеуге, қызмет пен логистиканы жеңілдетуге жағдай жасау қажет.
Ал Тик-ток электронды саудаға қалай әсер етуде?
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, тик ток платформасы елден кетсе, еліміз қиналмайды. Себебі сауда бағыты әлі дамыған жоқ.
Мемлекеттік кірістер комитетінің маған берген мәліметіне сай, Тик-ток 2023 жылы біздің бюджетке 1,16 миллиард теңге салық төледі. Бұл жөнінен Тик-Ток ақырындап Мета корпорациясына жетіп қалды. Цукерберг 2023 жылы бізге 2,76 миллиард теңге салық әкелген еді. Ал биылғы жылдың басынан бастап Тик-Ток 892 миллион теңге, ал Мета 964 миллион теңге салық төлеген. Жалпы, тик-ток кетсе бізге жылына 1-2 миллиард теңге келмейтін болады. Бұл әрине, қатты бір қиналатындай жағдай емес.
2023 жылы Қазақстандағы электронды сауда көлемі 2,4 триллион теңгеге жетті. Оның негізгі бөлігін халықаралық маркетплейстер қамтамасыз етіп отыр. Атап айтқанда Алиэкспресс, Пиндуодо, Вайлдберриес, Озон, Каспи мен Тему. Қазір қатты өсіп жатқаны Пиндуодо мен Вайлдберриес. Бірақ оның ішінде Тик-токтың үлесі жоқ немесе мардымсыз деп айта аламыз. Тик-ток бағыты бөлек болғандықтан оның саудағы әсері бойынша статистика бермейді. Бұл бойынша тик-ток арқылы тауар сататын блогерлер индустриясы пайда болған Қытаймен салыстыруға келмейді. Бізде бұл бағыт әлі пайда болған жоқ.
Сонымен, тик-ток қазаққа керек пе, керек емес пе деген мәселеде біз оның тек платформа екенін ескеруіміз керек. Тик-ток кетсе инстаграм рилс тура соның орнын басатын болады. Сондықтан әңгіме контент пен оның модерациясы мен іріктелуінде. Барлығы Қазақстанның өзіне байланысты. Біз қалай бассақ, тик-ток солай иілуге дайын. Тек біздің қолымыз тимей жатыр ма, әлде бұл проблеманы әлі маңызды деп санай қоймадық па, оған қатысты үлкен жұмыс топтары әлі жұмыс істей қоймады.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру