Мұнай бағасы төмендеген сайын, үкімет әр инвестордың қас-қабағына аңдуға мәжбүр болады дейді сарапшылар. Күні кеше Brent маркалы мұнайдың шілде айындағы фьючерстерінің бағасы Лондон биржасында 59,08 долларға дейін төмендеді. Сонымен қатар, WTI маркалы мұнайдың маусым айына арналған келісімшарттары 56,02 долларға дейін құлдырады. Аталмыш өзгерістер Қазақстан үшін кері әсерін тигізеді. Себебі 2025 жылға республикалық бюджет мұнайдың баррелі 75 доллар болады деген болжаммен жоспарланған. Қазір еліміз онсыз да бюджет тапшылығымен күресіп жатқан кезде, бұл тағы бір ауыр соққы болмақ. Енді не болады? Сарапшылардың пікірі қандай? Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Сарапшы Олжас Байдильдиновтің айтуынша, бұл жағдайдан Қазақстан ешқандай пайда таппайды.
«Бюджет мұнай баррелі 75 доллар, доллар бағамы 470 теңге деген болжаммен құрылған. Осы екі көрсеткішті көбейткенде, мұнайдың бір баррелінен түсетін теңгедегі табысты аламыз. Сәуірдегі бағаның түсуі бюджетке маусым-шілде айларында әсер ете бастайды. Тамыз бюджет үшін ең қолайсыз уақыт. Мұнай бағасы төмендесе, теңге де құнсызданады. Яғни барлығы бір-біріне тәуелді: мұнай бағасының түсуі — теңгенің әлсіреуі — жанар-жағармай бағасының өсуі», — дейді «Байдильдинов. Нефть» Telegram арнасының негізін қалаушы.
Сарапшылардың айтуынша, жақын арада жағымды өзгерістер күтудің қажеті жоқ. Теңге бағамының төмендеуі мен доллардың қымбаттауы азық-түлік, тауарлар мен қызметтердің жаппай өсуіне алып келеді. Ал жанармай бағасының өсуі тіпті ауыр салдар әкелмек, себебі отын құны барлық салада өнім мен қызмет бағасына тікелей әсер етеді.
«Мұнай нарығы әрқашан құбылмалы. Кез келген геосаяси не экономикалық өзгерістер мұнай бағасының күрт өзгеруіне себеп болады. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 70%-ы ішкі нарыққа арзан бағамен сатылады. Қалған 30% экспортқа кетеді. Экспорттық баға құбылып жатса да, ішкі нарықтағы баға салыстырмалы түрде төмен. Қалған мұнай көлемі бойынша да біз жыл соңына дейін мұнай бағасы 65 доллар шамасында сақталады деп болжап отырмыз. Бұл әрине, нақты сандар емес. Бірақ біз кез келген қиындықтарға дайынбыз», — дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов.
Өткір айтылған пікірмен халық келіспейді. Себебі қазіргі баға болжамды көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Ал нарықта баға көтеріледі деген болжамдар тіпті жоқтың қасы. Көптеген сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасының төмендеуі жалғаса бермек.
«Еліміздегі кез келген өнімнің өзінде белгілі бір долларлық өзіндік құн болады. Мұнай саласында бұл үлес тіпті жоғары. Сондықтан теңге құнсызданғанда, компаниялар қазіргі бағаны ұстап тұра алмайды. Жанармай мен дизель бағасының өсуі уақыттың еншісінде», — дейді сарапшы Олжас Байдильдинов.
Мұнай бағасының құлдырауына не себеп?
3 мамырда ОПЕК+ ұйымы маусым айында мұнай өндірісін тәулігіне 411 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл өндірісті көбейту бойынша қабылданған екінші шешім. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім нарықта мұнайдың артық мөлшерде жиналуына алаңдаушылық тудырып, бағаның төмендеуіне әсер етті.
«Сауд Арабиясы басты драйвер. Мамырда 411 мың баррельге, маусымда тағы 411 мың баррельге өндірісті арттырмақ. Бұл — Қазақстанның жалпы мұнай өндірісінің үштен екісіне тең. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, алдағы айларда нарыққа қосымша 1,5 млн баррель мұнай түсуі мүмкін. Менің болжауымша, мұнай бағасы 50 долларға дейін төмендеуі ықтимал», — дейді сарапшы.
Қазақстан дағдарыстың құрбаны
Себебі ел ОПЕК+ келісімін өзі бұзып отыр. Қазақстан белгіленген лимиттен артық мұнай өндірген, ал бұл басқа елдердің де өндірісті көбейтуіне негіз болды. Теория жүзінде, Қазақстан өз өндірісін азайта алар еді, бірақ бұл да мүмкін емес. Өйткені еліміздегі негізгі мұнай өндірісі шетелдік инвесторларға тиесілі.
«Қазақстандағы мұнайдың 70%-ын Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты ірі кен орындары өндіреді. Оларға Үкіметтің еш ықпалы жоқ. Қалған 30%-ды басқа компаниялар өндіреді, оның өзінде 60%-ы ішкі нарыққа, 40%-ы экспортқа кетеді. Осы экспорт есебінен ғана отын бағасын қалыпты ұстап отырмыз. Сондықтан Энергетика министрлігі ірі өндірушілерге де, басқаларға да қысым көрсете алмайды. Яғни, Қазақстан ОПЕК+ алдындағы міндеттемесін орындай алмайды деген сөз. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, бізді ұйымнан шығарып жіберуі мүмкін», — дейді сарапшылар.
Қазіргі уақытта ОПЕК+ тарапынан Қазақстанға қатысты қатаң шаралар қолданылуда. Салдарынан еліміз зардап шегуі мүмкін.
«Мұнай бағасы төмендеген сайын, үкімет әр инвестордың қас-қабағын аңдуға мәжбүр болады», — дейді сарапшы.
Бұл ретте экономист Алмас Чукин маңызды ақпаратпен бөлісті. Көпшілік біле бермейтін жайт бар дейді ол.
«Қазақстанда мұнай-газ саласынан түсетін барлық түсім бірден республикалық бюджетке емес, алдымен Ұлттық қорға түседі. Тек кедендік экспорттық баж салығы ғана тікелей бюджетке түседі. Қалған салықтар мен түсімдер (корпоративтік табыс салығы, арнайы төлемдер және т.б.) Ұлттық қорға жиналып, кейін трансферттер арқылы бюджетке аударылады», — деп пікір білдірді ол.
Одан бөлек экономист мұнай бағасының төмендеуі бюджеттік жоспарға тікелей әсер ететінін де айтты.
«Егер осы жылды 60 доллар шамасында аяқтасақ, онда қаржы-экономикалық саясатты қайта қарау қажет болады. 2025–2027 жылдарға арналған бюджет 75 доллармен есептелген. Қазақстан бір жылда шамамен 700 млн баррель мұнай сатады. Егер баррельге 15 доллар кем түссе, онда 10,5 миллиард доллар бюджетке түспей қалуы мүмкін. Салдарынан корпоративтік табыс салығы бойынша минусқа алып келеді. Салық түсімдері мен Ұлттық қорға аударымдар азаяды. Жалпы 2–3 триллион теңгеге дейін тапшылық туындауы ықтимал. Нәтижесінде басқа салалар да зардап шегеді», — дейді маман.
Қорытындылай келе сарапшы мұнай дәуірі аяқталып келетінін алға тартып, Қазақстанға жылдам өзгерістер қажет екенін ескертті.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру