Биыл экономика қажет межеге жете ме?

Ел экономикасы үкімет күткендей қарқынды өсіп жатқан жоқ. Halyk Finance сарапшыларының бағалауынша, 2025 жылға жоспарланған жалпы ішкі өнімнің (ІЖӨ) 5,6% өсіміне жету екіталай. Олардың болжамы бойынша, ел экономикасы небәрі 5,3%-ға ғана өседі, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Неге? Себептер айқын. Қатаң ақша-несие саясаты кәсіпкерлікті тұсаулап отыр, мұнай бағасының төмендеуі экспорттық табысты азайтты, ал сыртқы нарықтардағы тұрақсыздық Қазақстанның экономикалық амбицияларына кедергі келтіруде. Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, экономикаға серпін беретін негізгі факторлар – Теңіз кен орнын кеңейту жобасының толық іске қосылуы және ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы. Бұл жобалардың негізі – мемлекеттік бюджет шығындары мен Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер. Болжам мұнайдың орташа бағасы 70 доллар деңгейінде болады деп есептелген, бірақ қазіргі кезде Brent маркалы мұнай 66 доллар шамасында саудалануда.

«Біздің 2025 жылға ЖІӨ өсімі жөніндегі болжамымыз – 5,3%. Негізгі қозғаушы факторлар: Теңіз кен орнын кеңейту жобасының толық іске қосылуы аясында мұнай өндіру көлемінің өсуі және ірі инфрақұрылымдық жобаларды, соның ішінде бюджет шығындары мен Ұлттық қор трансферттері есебінен жүзеге асыру», – деп жазылған Halyk finance есебінде.

Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 6%-ға өсті деген ресми мәлімет бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы ІЖӨ-ні 6%-ға өсіру туралы тапсырма берген. Бірақ бұл амбицияға жету оңай болмай тұр. Еуропалық қайта құру және даму банкі де 2025 жылы Қазақстан экономикасының 4,9%-дан аспайтынын болжайды. Демек, үкіметтің өсім туралы жоспары мен нақты жағдай арасындағы айырмашылық барған сайын айқындала түсуде.