Бес адам зардап шеккен: Маңғыстауда кәмелетке толмаған бала жол апатына себепкер болды

Фото: видеодан скрин

Көлікті кәмелетке толмаған бозбала тізгіндеген. Ол рульге ие бола алмай, көлік бірнеше рет аударылған. Апаттан көп жарақат алған 3 қыз облыстық балалар ауруханасында жатыр, деп жазады ozgeris.info сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Көлікті тізгіндеген жасөспірімнің ата-анасы басқа қалаға шипажайға кеткен. Үйдегі үлкендердің жоқ екенін пайдаланған ол, көлігімен қыздарды қыдыртпақ болған. Алайда арты қайғылы жағдайға ұласып, оқушылар мінген көлік апатқа түскен. Осылайша, оқушылар бір ажалдан аман қалды.

Жансақтау бөлімінде жатқан 16 жастағы қыздың бірнеше жері сынып, миына зақым келген.

«Жағдайы өте ауыр», — дейді дәрігерлер.

«2010 жылы туған қыздар травматология бөлімшесінде жатыр. Олардың желкесі, иығы сынған. Одан бөлек, бет, оң жақ тізе буындары бірнеше жерден сынған. Қазір дәрігерлердің бақылауында. Жалпы, науқастар есін біледі», — деп мәлімдеді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Жұлдызай Қалиева.

Аталмыш оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.